Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайғанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз. Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді, – деді Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты.
Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент инфляцияны тұрақтандыруды және төмендетуді, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасауды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады.
Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды екенін айтты.
Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән, – деді Тоқаев.