Тағам қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен бір қатарда тұруы керек. Бұл – жас ғалым Лаура Аутелееваның пікірі, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жер бетіндегі адам саны күрт өскені баршаға аян. Халықаралық зерттеудің нәтижесі бойынша, соңғы жылдары жер тұрғындары жыл сайын 80 миллион адамға ұлғаяды екен. Бұл болашақта үлкен қауіп тудыруы ықтимал. Сол себепті адамзатты аман сақтап қалу үшін әлем болып азық-түлік қауіпсіздігін дұрыс жолға қою маңызды болмақ.
Дамыған елдерде бұл сала біржақты жолға қойыла бастағаны рас. Бірақ әлі де болса көңіл көншітіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Ал біздің елде саланың бұл түрі енді ғана айтыла бастағаны жасырын емес. Тіпті көп жұрт тағам қауіпсіздігі дегеннің не екеніне де бас ауыртпайды. Бұл немқұрайдылық ең алдымен адамның өзі үшін қауіпті екенін білу қажет. Сол себепті біз Лаура Аутелеева сынды ғалымдардың айтқанына құлақ түріп, жағдайды қолдан келгенше реттей бастағанымыз абзал.
Ресми деректерге сүйенсек, 1920 жылы Жер бетінде шамамен 1,3 миллиард тұрғын мекен еткен. 1930 жылы Жер шары халқы 2 млрд адам болса, 1962 жылы – 3 млрд, 1976 жылы – 4 млрд, 1987 жылы – 5 млрд, ал 1999 жылы 6 млрд адамға жетті. БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше қазір жер әлемді мекенденушілер саны 8 миллиардқа жақындаған. Адам баласының өсіп өркендеуі мен дамуы үшін әлемді қауіпсіз ету сол адамзат атты әрбір жан иесінің өз қолында екенін түсіну керек.
Біз жыл сайын 7 маусымда Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күнін атап өтеміз. Осы салада білім беріп, шәкірт тәрбиелеп отырғаннан кейін жастар бұл күнді білуі керек. Болашақта маман болып қалыптасқан шақтарында олар тағам қауіпсіздігі туралы барынша молырақ білсін, маңыздылығын сезсін дейміз. Өкініштісі біздің бұл еңбегіміз тек осы студенттер мен университеттің немесе кафедраның деңгейінде ғана қалып қояды. Сырттан ешбір қолдау жоқ. Тек өз күшімізбен семинарлар ұйымдастырып, дәріс оқимыз. Қолымыздан басқа ештеңе келмей жатыр, - дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агритехникалық зерттеу университетінің жас ғалымы Лаура Аутелеева.
Әрине ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Талай зерттеулер мен ғылыми талдауларды көрсетті. Тіпті мемлекет есебінен ғылыми жобалар жасалып, біршама еңбек атқарылғаны да белгілі. Бірақ мемлекет тарапынан жасалған жұмыстардың өзіне назар аударылмай қалатыны әсіресе ұмтылып тұрған жас ғалымдардың жолын кесіп тастағанға көбірек ұқсайды.
Жыл сайын біздің елде де халық саны арта түсетіні шындық. Бұл бірінші кезекте тағам қауіпсіздігіне әкеліп тірейді. Әлемде климаттық өзгерулер болып жатыр. Оны жұрт жақсы біледі. Ал тағам қауіпсіздігі төмендеп барады. Қарапайым ғана мысал ретінде келтірер болсақ, ауылшаруашылығы саласындағы мемлекет болғандықтан ең алдымен мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласынан келетін өнімдердің жәй-күйі қандай? Мал нені азық етіп жатыр? Біз одан сапасы жағынан қандай өнім аламыз?
Тағам қауіпсіздігі дегенде ең алдымен осы сауалдар қойылады. Ендеше біз экологиялық таза өнім тұтынғымыз келсе, әуелі азықтық ортамызды дұрыстап алуымыз керек. Бұл жерде қарапайым ғана мысалдар арқылы маңыздылықтың қандай екені өзі-ақ көрсетіп тұр. Дана халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. Халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету қашан да өзекті тақырып күйінде қала бермек.
Елімізде өндірілетін, сонымен бірге, шетелден әкелінетін және өткізілетін азық-түлік тауарлары сапасының Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс, - дейді жас ғалым.
Расында бүгінгі таңда сырт елдерден келетін азықтың сапасына кепілдік бере алмаймыз. Әсіреке жеміс-жидектер мен кептірілген жемістердің, жаңғақ түрлерінің жағдайына алаңдаушылық білдіретін Лаура Аутелеева мемлекеттік тараптан бақылаудың мүмкіндігін күшейтуді қалайды. Бұл – ең маңыздысы. Себебі жеміс-жидекке ол жақта қандай химиялық белсендіргіштер қосылғанына көз жеткізу қиын. Сол себепті түрлі жемістерді әбден бақылау маңызды болып отыр.
БҰҰ-ның зерттеуі бойынша, осы ғасырдың орта тұсында 9 миллиардтан астам тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет болады. Бұл қазіргі таңда ғалымдардың басын қатырып отырған ең үлкен мәселе. Қарапайым ғана ойлаған күннің өзінде жер беті осыншама адамды таза әрі экологиялық тұрғыдан сапалы өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы болмай қалады деген қауіп басым. Ал сапасыз әрі лас өнім тұтынған жағдайда халықтың күйі не болмақ? Бұл өз алдына үлкен бір сауал болып шығары сөзсіз.
БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша, тағам қауіпсіздігі әлемдік мәселеге айналып барады. Алайда, Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен және таза ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытумен қамтамасыз ете алатын елдердің қатарында. Бірақ қатарда болу бар да, ол бағытта әрекен ету басқа. Бізде әрекет жағы мардымсыз екені шындық.
Елімізге келетін импортты қысқарту жөнінде және сыртқы нарыққа шығатын бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қолдау жасау туралы нақты шаралар іске асырылуы керек. Бұл ретте, дамыған елдердің тәжірибесін де назарға алып, өз елімізге лайықты жолдарды қарастырғанымыз жөн.