Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Не әңгіме?» аудиоподкастының кезекті қонағы - елімізге танымал отбасылық психолог Ерлан Мырзабаев. Ол әлеуметтік желілердегі мінсіздік пен әдемілікке ұмтылған өмір туралы сөз қозғады. Сондай-ақ ересектер мен жасөсіпірімдер арасындағы алшақтық пен қызғушылықтар жайлы пікір білдірді.
Оның айтуынша, ересектер отыратын интернет желісінде жастар өзін ыңғайсыз сезінеді. Сондықтан үлкендер тіркелген әлеуметтік желіден жастар бойларын аулақ ұстауға тырысады.
Егде жастағы аудитория Instagram-ға келген кезде, жастар Tik Тok желсіне қарай кете бастады. Осыдан жастар ересектер бар желіде отырғысы келмейді деген тенденция шығаруға болады. Өйткені олардың түсінігі мен көзқарасы бөлек. Әрбір жасөспірімнің ата-анасынан бөлек өмір сүргісі келетін арманы бар. Әлеуметтік желіні отбасы деп қарайтын болсақ, біздің қылығымызды, әдетіміз бәріне көрініп тұрады. Сол себепті де, ағасы, мұғалімі отырған жерден жас ұрпақ алшақтайды, - деді психолог Ерлан Мырзабаев.
Сонымен қатар әңгіме барысында Instagram, Facebook, Тik tok жүйелерінің балаларға пайдасы мен зияды жақтары, ұтыс ойындарға деген құмарлық, әлеуметтік желідегі жауапкершілік пен шектеулер жайлы талқыға салынды.