Париж Олимпиадасында 50 келіде бақ сынап жатқан Назым Қызайбайдың келесі қарсыласы кім? Финалдық жекпе-жек қашан өтеді?, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ву Ю-дың жолы қандай?
Назым Қызайбай келесі қарсыласы 29 жастағы қытайлық - Ву Ю. Ол 2023 жылы әлем чемпионы, ал 2022 жылы Азия чемпионы атанған. Сонымен қатар 2019 жылы әскерилер арасындағы бокстан әлем чемпионатының жүлдегері. Мансабын 2018 жылы қараша айында бастаған. Осы уақытқа дейін 34 жекпе-жек өткізіп, соның 30-ында қарсыласынан басым түскен. Ву Ю Париждегі Олимпиадада бұған дейін екі кездесу өткізді. Үнділік Нихат Зарин мен тайландтық Раксат Чутхаматты ұпай есебімен ұтты.
Жартылай финал 7 тамызда өтеді.
Назым Қызайбай 2012 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленді. Отандасымыз мансабында бас-аяғы 47 кездесу өткізген, оның 36 жекпе-жегінде жеңімпаз атанған.
Назым Қызайбай Париждегі жекпе-жегін сәтті бастады. Алғашқы күндері Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Джордана Соррентинодан басым түсті. Төрешілердің бірыңғай шешімімен 29:28, 29:28: 30:27, 30:27, 28:29 есебі тіркелді.
Қызабайдың келесі қарсыласы Каролайн Барбоза де Алмейда былтыр Чилиде өткен Панамерика ойындарында алтын иегері еді. Алайда отандасымызды ол да тоқтата алмады. Ол бразилиялықты 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. 3 тамызда өткен ширек финалда Қызайбай колумбиялық Ингрит Лорена Валенсия Викторияны да сенімді жеңді.
Енді боксшымыз алтынға ұмтылмақ. Ол алтын медаль үшін барын салатынын айтқан болатын.