Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Олимпиада жақсы өтті. Жаттықтырушылар жақсы дайындап, қолаға қол жеткіздік. Өте қуаныштымыз. Жеңіске жеткенімді елге келіп, енді сезініп жатырмын, халық өзі күтіп алып жатыр. Барлық жанкүйерлерге мың алғыс. Қолдаулары барлық жақтан сезіліп жатты. Елге келгенде ең бірінші отбасыммен көрісіп, анамның тамағынан дәм татуды аңсадым,- деді былғары қолғап шебері.
Назым Қызайбай алдағы жоспарымен бөлісіп, 3 дүркін әлем чемпионы болуды армандайтынын айтты.
Алдағы аптада іс-шараларға қатысымын. Одан кейін, бапкеріммен ақылдасып, алға жоспар қойып жарыстарға дайындаламыз. 3 дүркін әлем чемпионы болсам деген мақсатым бар. Себебі, ерлер арасында Серік Сәпиев және әйелдер арасында мен ғана 2 рет әлем чемпионы атанғанбыз. Енді сол тарихты жаңарту ойда бар. Осы спортқа келуіме себепші болған алғашқы бапкерлерімде келген екен. Бұл жеңістің артында көптеген адамның еңбегі жатыр, - деді боксшы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай.
Спортшының бапкері өзінің қуанышымен бөлісті.
Назым спортқа нүкте қойған жоқ. Келесі Олимпиадада алтын алып келеміз. Ол Париж Олимпиадасын 4 кездесу өткізді. Ұпай санымен қарсыласына есе жіберді. Алайда қола жүлдені иеленді. Алдағы уақытта демаламыз. Одан кейін жоспар бойынша жаттығып, спорттық жарыстарға қатысамыз, - деді бапкер Долкунжан Камеков.