Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың ата-анасы өздерінің сезімдерімен бөлісті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұйырғаны қола болды. Қарсыласы осал болмады. Қыздардың арасында алғаш медаль алып тұрған Назым екен. Қызымыздың алғашқы олимпиасы. Соған қарамастан елімізге тағы бір медаль алып келді. Енді қызымыз елге аман-есен оралсын дейміз. -дейді әкесі Қызайбай Абайұлы
Ал анасы Назымның бала кезден спортқа жақын болғанын, олимпиадаға қатысуды армандағанын атап өтті.
Назым Қытай қызынан жеңілсе де, қола жүлдеге ие болғанына қуаныштымыз. Олимпиадаға қатысу Назымның арманы еді. Қызым бала кезден боксқа жақын болды. 7-сыныптан бастап спорт мектебінде оқыды. Боксты тастамай “Мама, олимпиадаға бір барсам ғой” деп айтып жүретін. Міне, арманы орындалып, төртінші жекпежектен кейін қола алып отыр. Назым қолынан келгеннің бәрін жасады, - дейді анасы.
Бокстан әйелдер арасындағы жаттықтырушы Гүлзара Азизова да өз әсерімен бөлісті.
Қарсыластың да мықты екенін айта кеткен жөн. Назым Қазақстандағы жалғыз екі дүркін әлем чемпионы. Олимпиадаға қатысу үшін ұзақ еңбектенді. Бұл оның алғашқы Олимпиадасы және қола жақсы көрсеткіш. Бұл спортшы үшін де, жаттықтырушы үшін де үлкен еңбек, - деп бөлісті ол.
Еске салайық, Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы. Қазақстанның қоржынында бүгінде бес медаль бар - үш қола, бір күміс және бір алтын.