Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Дариға Назарбаева елордамыздағы "Қамқорлық" коворкинг орталығының жұмысымен танысты.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қоры баспасөз қызметінің басшысы Эльвира Жүргенбаева Facebook-тегі парақшасында хабарлады.Мұнда көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін әйелдер, аз қамтылған азаматтар және ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүретін балалар, мүгедектер оқытылады. Орталық қызметі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының бірлесуімен іске қосылған, - делінген хабарламада.
Орталық қабырғасында жүзеге асырылатын жобалардың бірі - "Кәсіпкер ана", авторы - Жастар Конгресінің өкілі Айнұр Жүнербаева. Бұдан бұрын ол жеке кәсібін бастап, оны кеңейтті. Енді орталық жұмысы арқылы өз тәжірибесімен бөліскісі келеді.
Дариға Назарбаева орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, кабинеттерді қарап шықты.
Орталық 7 бағыт бойынша тренинг өткізеді: тамақ өнеркәсібі, IT-индустрия, сұлулық индустриясы, тігін ісі, киіз басу өнері, медиа. Бұған қоса, әйелдер үшін әлеуметтік және психологиялық сауаттылықты арттыру бойынша тренингтер өткізіледі. Орталық аумағында балаларға арналған бөлме де бар.
Жылына 1800 әйелді оқыту жоспарлануда. Курс мерзімі 1 айдан 3 айға дейін созылады. Курстың соңында сертификаттар беріледі.
Оқу нәтижесі бойынша қатысушылар "Еңбек" бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға және 505 мың теңге көлемінде грант алуға мүмкіндік алады.