Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева «Ғылым қоры» акционерлік қоғамында болды. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Ғалымдар өздерінің соңғы ғылыми жаңалықтарын таныстырды. Олардың ішінде сапалы ұзақ өмір сүруге арналған өнімдер, медициналық, косметикалық және спорт орталықтарындағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі гендік тестілеу бойынша қызметтер, ісік ауруларын дәрі-дәрмекпен емдеу, жылыжайлар үшін диодты жарық шамдарының өндірісі, ірі қара малдың өнімділігін арттыруға арналған жем қоспалары мен басқа да өнімдер бар.
Ел экономикасының басым бағыттарына ғылыми жаңалықтарды енгізу деңгейін арттыру үшін «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданған болатын. Заңның негізгі мақсаты жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар жасаған жаңа технологияларды коммерциялық тұрғыда пайдалануды ынталандыру болып табылады. Қор коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемінің 14, 5 пайызы (5 млрд.теңге) мөлшерінде жеке бизнестен қосымша қаржы тартты.
Қазіргі кезде коммерцияландыру жобаларын іске асыру нәтижелері бойынша 31 жоба өнім шығару кезеңіне шықты, бюджетке 964 млн.теңге салық аударымдары қамтамасыз етілді, жұмыс орындары ашылды.
"Сенат төрағасы ғалымдардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдай келіп, «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңға сәйкес Қордың табыс табуы тиіс әрі табыс таба алатын толыққанды инвестор болуы керек екенін атап өтті. Бұл жағдайда Қор әрбір бизнес-жобаны өзінің меншігі ретінде бағалайтын болады, Қордың табыстылығы ұлғаяды, ғылым мен бизнес жобаларды көбірек алады. Қаржыландыру көздерін біріктірудің нақты мүмкіндігі пайда болады", - делінген тартылған ақпаратта.
Дариға Назарбаева сонымен қатар ғылыми жобалар маркетингін белсенді түрде жүргізіп, ғылыми қызметтердің нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, республикалық телеарналарда арнайы айдарлар қалыптастыру, әлеуметтік желілерді пайдалану және басқа да жұмыстарды қолға алу қажет деп есептейді.
Заңнамалық актілердегі қайшылықтарға байланысты нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ қолданыстағы салық салу жүйесіне бірқатар мәселелер бойынша өзгерістер енгізу қажет болып отыр.