Назарбаева: Біз ешкімге жерімізді бермейміз

28 Ақпан 2020, 21:48
1665
Бөлісу:
Назарбаева: Біз ешкімге жерімізді бермейміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне арналған Парламенттік тыңдау болды.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде ауыл тұрғындары жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жәрдемақы мен жеңілдіктер алып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сол бағдарламалар ауыл тұрғындарына нақты табыс әкеле ме? Бізде мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі әрі табысты жүзеге асуына не кедергі екенін анықтауымыз керек. Өйткені бағдарламаларды әзірлеу кезінде, мемлекеттің бар күшін салғанына қарамастан жүйелі қателіктер кетеді. Ол өз кезегінде осы саланың көп жылғы тұралаудан шығуға кері әсерін тигізеді, - деді Д.Назарбаева.
Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин қазіргі уақыттағы осы саланың негізгі мәселелеріне тоқталды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер үшін активтер мен жердің кепілдік құнының төмендігі және өтімді кепілдердің болмауы.
Субсидиялау тиімді жұмыс істеуі үшін жүйені жетілдіру қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін барынша қолдай отырып, негізінен субсидиялаудан арзан және ұзақ мерзімді кредиттеуге біртіндеп көшу мәселесін келесі қабылданатын мемлекеттік бағдарламада қарастырудың қажеттігі туындауда, - деді Д.Мусин.

Сенатор сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені инфрақұрылымын қаржыландыру деңгейінің төмендігін, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерінің, қызметтердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі және ауыл тұрғындарының өз кәсібін ұйымдастыруы үшін қаражат пен білімнің жеткіліксіздігін айтып өтті.

Сенат Төрағасы осы тақырыпты жалғастыра келіп, түрлі қаржылық институттарды тартуды және ауыл шаруашылығын қаржыландыру тетіктері мен тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

Субсидия берудің құқықтық жағы заңда нақты анықталып жазылу керек. Бұл негізгі мәселені заңнан кейінгі актілер деңгейінде реттеу қате болды. Бұл қателік бізге қымбат түсіп отыр, - деді Д.Назарбаева.
Шығыс Қазақстан облысынан келген ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Фарид Абитаев ауыл шаруашылығы мен ғылымның өзара іс-қимылының пайдалы мысалын келтірді. 2013 жылдан бастап ғылыммен айналысқан кәсіпорын жетістіктерге жеткен, қазір селекцияны дамытумен шұғылданып келеді.

"Хлопкопром-Целлюлоза" серіктестігінің директоры Қайнар Абасов оңтүстік өңірдегі су тапшылығын шешудің баламасы ретінде жаңбыр суы мен суару бойынша жаңа техникаларды қолдану керектігін айтты.

"Зенченко и К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Геннадий Зенченко өз сөзінде саланы әртараптандыруға назар аударды.

Бір ғана бидайға қарап отыруға болмайды, сондықтан дұрыс келеміз деген ойдамын. Дегенмен ғылым бізге солтүстікте не өсіру керек және оңтүстікте не өсіру керегін айтуы тиіс, - деді ол.
Г.Зенченко сондай-ақ шаруашылықпен айналысудың қымбатқа түсетініне ерекше тоқталды. Олар тұқымды өздері сатып алады, технологияны да өздері ойлап табады, ал осының бәрі, оның айтуынша, құр әурешілік болуы да мүмкін.

Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауды қорытындылай келіп, сенаторлардың ұсынымдарын 9 бөлімге жинақтады және оған жан-жақты тоқталды. Сенат төрағасы талқыланған тақырыптың маңызды екенін атап өтіп, осы сала еліміздің әрбір азаматын толғандыратынын жеткізді. 

Қазіргідей келте ойлауды қысқарту керек. Бізде барлық салада да стратегия болуы тиіс. Қателіктер мен оң тәжірибелеріміз бізді соған бастап келеді, - деді ол.
Сенат төрағасының айтуынша, аталған саладағы қордаланған мәселелер қоғам және ауыл тұрғындарымен кәсіби түрде жан-жақты диалогты талап етеді.
Қазақстан - біздің жеріміз. Біз ол үшін ата-бабаларымыздың, балаларымыздың алдында жауаптымыз. Біздің сыртқы жауымыз жоқ. Біз ешкімге ешқашан жерімізді бермейміз. Біздің басты дұшпанымыз - жауапсыздық, біліксіздік, шешім қабылдауға асығу, қағаз жүзіндегі есептер жағдайын дұрыс түсінбеу, бағалай алмау және күнделікті орын алатын мәселелерге шапшаң жауап бере алмау, - деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы агроөнеркәсіп кешені саласының дамуындағы тежегіштерді егжей-тегжейлі анықтау мақсатында алдағы уақытта ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын және Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды тиянақты түрде пысықтау керектігін айтты.
Өзгелердің жаңалығы