Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Армения Президенті Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалап, «маңызды шешімдер қабылдаудағы Елбасының даналығы мен өз халқын алға бастаудағы қарқынды істерін» атап өтті.
Дариға Назарбаева Астана экономикалық форумына белсенді қатысқаны және Еуразиялық медиа форумға тұрақты қолдау көрсеткені үшін Армен Саркисянға алғыс білдірді.
«Еуразиялық медиа форумға сіздердің қатысуыңыз баршаға ортақ тосынсый болады. Сіз «медиа форумның әкесі» болып табыласыз және медиа қоғамдастығының батыс бөлігі арасында оны ілгерілету үшін көптеген істер атқардыңыз», - деді Парламенттің жоғарғы Палатасының басшысы.
Армения Президенті өз еліндегі ішкі саяси жағдай туралы Сенат басшысына айтып беріп, қазіргі күрделі мәселелерді еңсеру және дамудың жаңа жолына шығуда Армения халқының мүмкіндігі жеткілікті екенін атап өтті.
Сенат төрағасы Армения транзит кезеңін еңсеретініне сенім білдірді және елдегі маңызды саяси оқиғалар туралы А.Саркисянды хабардар етіп, Қазақстан халқы болашаққа зор сеніммен қарайтынын атап өтті.
«Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыру – басты міндет», - деді Сенат басшысы.
Сенат төрағасы Арменияның Ұлттық жиналысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді. Дариға Назарбаеваның пікірінше, заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасу үшін және екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту жолдары туралы пікірлесу арқылы парламенттік достық топтарының әлеуетін белсенді пайдалану қажет.
Тараптар ынтымақтастықтың келешегі зор салаларын талқылады. Армения Президенті Ереванның жасанды интеллект пен IT технологияларды дамыту, тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Сенат төрағасы шетелдегі армян диаспорасын ҚХР, Ресей және басқа да елімізбен шектесетін үшінші мемлекеттермен сауда жасаудағы артықшылықтарды пайдаланып Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.