Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесті.
Зимбабве басшысы Эммерсон Мнангагва елімізге ресми сапармен бүгін келді. Бұл Мнангагваның Қазақстанға алғашқы сапары.Зимбабве президентін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды. Африкалық қонақ өз елінің туы түстес мойынорағыш тағып келді. Салтанатты рәсімде екі елдің əнұраны орындалды. Одан кейін Елбасы жоғары мәртебелі мейманмен келіссөз өткізді. Қос президенттің алғашқы кездесуі БАҚ өкілдері үшін жабық түрде өтті.
Кездесуден кейін қос мемлекеттің басшысы баспасөзге мəлімдеме жасады.
"Біз 1992 жылы сіздермен дипломатиялық қарым - қатынас орнаттық. Бүгінгі кездесу барысында саяси диалогымызды одан əрі дамытуға, төмен деңгейдегі сауда ынтымақтастығымызды кеңейтуге келістік. Экономикалық жəне саяси байланыстарымыз əлі дұрыс орнамаған. Себебі екі елдің ара қашықтығы тым алшақ. Қос мемлекеттің ұқсастығына келсек, Зимбабве Қазақстан сияқты қазба байлықтарына бай ел. Біздің ауыл шаруашылығымыз да ұқсас. Қазақстан тау-кен өнеркəсібі, көлік логистикасы, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық орнату мəселесін қарастыруға дайын", - деді Назарбаев.
Елбасы қазір Қазақстан Зимбабведен темекі ғана импорттайтынын айтты. Бұған қоса, президент Қазақстан мен Зимбабвенің жаһандық мəселеде көзқарасы бір екенін жеткізді.
Өз кезегінде Эммерсон Мнангагва Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтып, соңғы 20 жылдағы түрлі санкциялардың кесірінен Зимбабве экономикасы артта қалып отырғанын жеткізді. Ол Зимбабве басшылығы Қазақстаннан үлгі алып, тәжірибе алмасуға келгенін де жасырмады. Себебі, оның айтуынша, Қазақстан 20 жыл бұрын қазіргі Зимбабведегідей жағдайда болған, ал 27 жылда үлкен жетістіктерге жеткен.
Атап өтсек, Эммерсон Мнангагва Зимбабве басшысы болып 2017 жылғы қарашада сайланған. Ал бұған дейін бірнеше жыл бойы елдің бірінші вице-президенті қызметін атқарған. Сондай-ақ, Зимбабве үкіметінде түрлі басшылық қызметтерде болған.
Ол 2017 жылғы 14-15 қарашадағы Зимбабведегі əскери төңкерістен кейін уақытша президент болған. Ал одан кейін осы қызметке заңды түрде кіріскен.
Мнангагва Қазақстанға келмес бұрын Ресей, Беларусь пен Əзербайжанда сапармен болды.