Назарбаев: Жапониямен байланысты дамыту - сыртқы саясатымыздың басым бағыты

6 Ақпан 2019, 13:15
2396
Бөлісу:
Назарбаев: Жапониямен байланысты дамыту - сыртқы саясатымыздың басым бағыты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдау барысында олармен орнатылған қарым-қатынас туралы айтып берді.

Айта кетейік, Ақордада бес мемлекеттің елшілері Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды. Атап айтсақ, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань, Хорватия елшісі Рефик Шабанович, Жапония елшісі Тацухико Касаи, Чехия елшісі Рудольф Гикл, Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода табыстады. 

Елбасы аталған мемлекеттермен орнатылған қарым-қатынас пен оны одан әрі дамыту мүмкіндігі жайлы айтып берді.

«Біз Тәжікстанмен дәстүрлі ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытуға зор мән береміз. Бұл ретте Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға өткен жылғы ресми сапарын айрықша атап өткім келеді. Астана мен Душанбе арасында ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы серіктестікті қарқынды нығайтудамыз. Осы ретте Тәжікстанның Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығына табыс тілей отырып, аталған бағытта бірге жұмыс істеуге дайынбыз дегім келеді», - деді Назарбаев.

Елбасы Жапониямен жан-жақты диалогты дамыту еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтты. 

«Былтыр Брюссельде өткен АСЕМ саммитінде Премьер-министр Синдзо Абэмен жүздесіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Біз жапондық компаниялардың Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз. Оған барынша жағдай жасауға дайынбыз. Бұған екі елдің арасында тікелей әуе рейстерін ашу зор септігін тигізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Чехия президенті Милош Земанның ЭКСПО-2017 көрмесіне келуі екіжақты байланыстардың дамуына серпін берді. 

«Бұның алдында да біз бірнеше рет Земан мырзамен кездескенбіз. Қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Соңғы жылдары Хорватия Республикасымен де байланыстар айтарлықтай нығая түсті. Бұған қоса, бүгінгі таңда Вьетнам - Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі. Мен Вьетнамда болып, ел басшыларымен кездестім, келіссөздер болды. Вьетнам Премьер-министрі де Қазақстанға бірнеше мәрте келді. Мені Вьетнамға сапармен келуге шақырған болатын, есімде», - деді президент.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға тікелей әуе рейстері қажет деген болатын. Ал кеше Үкімет отырысында Токио, Нью-Йорк пен Шанхайға әуе рейстері ашылатыны белгілі болды.
Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы