Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Назарбаев Университетіне қатысты үш ұсыныс жасалды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
25 Маусым 2025, 15:50
702
Бөлісу:
 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Жұлдыз Сүлейменова Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына Назарбаев Университетінің қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауалда университеттің басқару құрылымын ұлттық кадрлармен толықтыру, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу және ауыл түлектеріне арналған дайындық курсын әзірлеу сынды үш негізгі ұсыныс қамтылған.

Біріншіден, депутат университет басшылығында қазақстандық мамандардың үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, вице-президенттер, декандар мен басқа да лауазымдарға кемінде 70% деңгейінде жергілікті кадрлар тартылуы тиіс. Бұл ұлттық кадрлар резервін қалыптастыруға және шетелде білім алған жастардың елде қалуына ықпал етеді.

Екіншіден, білім беру саласында басқарушылық қабілеті бар мамандар даярлау мақсатында педагогикалық менеджмент бойынша жаңа бакалавриат бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. Мұндай бағдарлама мектеп директорлары мен олардың орынбасарларын кәсіби тұрғыда даярлауға бағытталады.

Үшіншіден, Назарбаев Университеті жанындағы дайындық (foundation) бағдарламасы қазіргі таңда негізінен қалалық мектеп түлектеріне қолжетімді екенін айтқан депутат, ауыл жастарына арналған арнайы 1,5 жылдық дайындық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама өңірлік теңсіздікті азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.

Назарбаев Университеті – еліміздің зияткерлік әлеуетінің тірегі. Оны дамыту – мемлекет үшін стратегиялық мәселе, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Өзгелердің жаңалығы