Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Назарбаев: Қазір күрделі кезең

25 Ақпан 2019, 14:51
2766
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ. Елбасы Парламент Мәжілісі Бюросының отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ұсынды.

"Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды", – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.

"Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына ұсынылған Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.

Өзгелердің жаңалығы