Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметі Ресей астанасында өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанды, деп хабарлайды аталған мекеменің баспасөз қызметі.
Мәскеуде ұйымдастырылған халықаралық байқауға Ресей, Украина, Беларусь және басқа да мемлекеттерден 500-ден астам жоба қатысты.
Нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «NIS: қазақстандық білім жүйесінің бренд-амбассадоры» атты жобасы беделді конкурста «Аймақты ілгерілету» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
"Жалпы коммуникацияның заманауи жүйесінде PR жобалардың маңызы зор. Себебеі, бұл мемлекетті басқа елге таныту үшін қажет. Біз Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қазақстандық интеллектуалдық бренд ретінде халықаралық деңгейде танылғанына қуаныштымыз. Еңбегіміз бағаланып отыр", - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Алипинова.
Байқаудың қазылар алқасы құрамына коммуникация саласында еңбек етіп жүрген белгілі ресейлік сарапшылар мен тәжірибелі мамандар кірді. Олар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің интеллектуалдық бренд және әлемдік педагогиканың сәтті драйвері ретінде атқарған жұмыстарын атап өтіп, «Кембридж сағатында – Астана уақыты», «NIS жаңаратын энергиясы», «Сүйінші, CIS, Кембридж, NARIC!», «Роботтар әлемді бағындырады!» жобаларына жоғары баға берді.
Айта кетейік, аталған халықаралық байқауды ресейлік «Пресс-служба» журналымен және «Имидж – Медиа» баспасөз үйі ұйымдастырды.