Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің полицейлері Наурыз мейрамына орай «Наурыз мейрамы – әр шаңырақта!» акциясына мұрындық болды.
Тәртіп сақшылары ұлық мейрамды қариялар үйінен бастады. Ішкі істер органдарының өкілдері ақсақал және ақ жаулықты аналармен кездесіп, Көрісу мерекесін өткізді. Осылайша, 300-ге жуық қарт азаматтың ыстық ықыласына ие болып, концерт ұйымдастырды.
Интернат үйінің тұрғындары концерт кезінде әншілермен бірге қосылып ән айтып, би биледі.
Концерттен соң ата-әжелер полиция подполковнигі Гүлзада Жетібаеваның әзірлеген ыстық бауырсағынан дәм татып, мәз-мейрам болып тарқасты.
«Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан мейрам. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, ал әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады», - дейді Жұмабаев Сағадат ата.
Айта кетейік, бұл - полицейлер бастаған игі істердің бір парасы ғана. Бұған дейін атты полиция бөлімшесі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мақсатында жылқымен емдеу курстарын ашты. Қазіргі уақытта атты полицияның құрамында 70 бас жылқы бар. Осылайша, тірек қозғалысы бұзылған балалар тәртіп сақшыларының қамқорлығына алынды.