Бүгін республика бойынша сағат 12:00-де мектептерде «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Наурыз мейрамы» ұлттық челленджіне қатысу үшін редакциямыздың тілшісі мен фотографы елордадағы №65 мектеп-гимназиясына барды.
№65 мектеп-гимназиясы Сырарқа ауданында Бердібек Соқпақбаев, 18/4 көшесінде орналасқан.
Елордалық мектепте Наурыз мейрамын тойлау осыдан бір апта бұрын басталған. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары ұлттық киім киіп, дәстүрлерімізді дәріптеуді биыл ерте бастап кеткен.
Оқу-ағарту министрлігі атап өткендей, бұл іс-араның негізгі мақсаты - білім алушыларды ұлттық рух пен отан сүйгіштікке тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтап, балалар арасында ұлттық музыкалық аспапты насихаттау.
№65 мектеп-гимназиясында 25 баладан құралған домбырашылар тобы сағат 12:00-де бір мезгілде күй орындады.
№65 мектеп-гимназиясының педагог-ұйымдастырушы Гүлфайруз Мерханқызы жыл сайын мектепте өтетін осындай іс-шаралардың басы-қасында өзі жүргенін айтады.
Мектебімізде Наурыз мерекесі жоғары деңгейде атап өтіліп жатыр. Мерекені тойлауды бір апта бұрын алдымен ұлттық киім киіп келуден бастадық. Кейін ұлттық ойындарды қостық. Онымен қоса бірінші қабатта қазақтың наурыз туралы әндері қосылып отырды, оны балалар бірге қосылып та шырқады. Ал мектепті бір ай бұрын безендіріп қойдық. Бүгін ерекше концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, - деді педагог.
Сөзінше, мектепті безендіруге білім ордасындағы еңбекке баулу пәні мұғалімдері көмектескен. Олар шаңырақты жасап, басқа да дүниелерді жасауға қолдау көрсеткен.
Челлендж аясында бүгін оқушыларымыздың арасында қазақтың ұлттық аспаптарын дәріптеп, ұлттық ойындар мен тағамдарымызды насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Мектептің 25 домбырашысы «Балбырауын» күйін орындады. Олар үйірмеге қатысатын оқушылар, - деп түсіндірді Гүлфайруз Мерханқызы.
Домбырашылар челленджінің мақсаты - балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр.
Сонымен қатар мектепке әз-Наурызды атап өтуге ардагерлер кеңесінің мүшелері де шақырылды. Олардың қатарында үлкен апа-әжелеріміз бар.
Ал мектепте оқушылардың ұлттық ойын ойнап, мәз-мейрам құрып жүргеніне қарап қызығасыз. Бірі арқан тартса, енді бірі асық ату ойынын ойнап жүр. Ал қыздар жағы ұлттық киім киіп, би билеп, ұлттық аспаптарда ойнады.
Оқушылар да Наурызды осындай ерекше форматта биыл бірінші рет тойлап отырғандарын айтты.
Бүгін мектебімізде Жаңа жылымызды тойлап жатырмыз. Өте қызықты форматта ұйымдастырылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ұлттық ойындарымызды ойнап, аспаптарда ән шырқап жатырмыз. Онымен қоса, ұлттық тағамдарымыздан да дәм тарттық. Әр сынып ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, сыныптарында көріністерін көрсетті, - дейді мектеп оқушысының бірі Айдана.
Бүгін еліміздің барлық білім ордасында бір уақытта домбыраның қоңыр үні күмбірлегенін еске сала кетейік. Бұл ерекше іс-шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
№65 мектеп-гимназиясының директорының міндетін атқарушы Гүлнаш Токишева.
Қазақ халқының әз-Наурыз мерекесі келіп жетті. Балаларға тәрбие беру мақсатында бүгінгідей ерекше іс-шара өткізіліп отыр. Әр сынып өз кабинеттерінде сынып жетекшілерімен және ата-аналарымен бірге салт-дәстүріміздің элементтерін көрсетіп, қазақтың ұлттық тағамдарын алып келіп, түрлі дәмнен дәм татып жатыр. Меніңше, іс-шара өте қызықты өтіп жатыр, - деді ол.
Әріптестері мен оқушылар бүгін ұлттық киімдерін киіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатқанын айтты.
Бұл мереке әрі қарай да жалғасын табады. Себебі оқушыларға ұнап жатыр. Өзім бірнеше сыныпты аралап шықтым. Аралас мектеп болғандықтан қазақ және орыс сыныптары бар. Барлығы бір-бірінен қалыспай, салт-дәстүрлерімізді дәріптеп жатыр. Жаңа ғана оған өзім куә болдым. Мысалы, құдалық, сырға салу, жаңа туған нәрестеге ат қою және т.б. рәсімдерді көрсетті, - деп айтты Гүлнаш Токишева.
Ол сөз соңында оқушылар мен олардың ата-аналарына, әріптестеріне ізгі тілегін жолдап, жақсылықтың жаршысы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Биыл еліміздің барлық жалпы білім беретін мектебінде Наурыз мейрамы 10-17 наурыз аралығында өтті. Наурыз мейрамына орай «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» сияқты қайырымдылық акциялары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар фестивалі, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» атты сурет байқауы және «Отбасы – бақыт мекені» отбасылық жарыстары ұйымдастырылды.