Қазақстандағы АҚШ елшілігі қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құттықтау видео форматында елшіліктің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланды.
Жыл сайын АҚШ елшілігі Наурыз мерекесіне арнап, үлкен жиын, дүбірлі іс-шара өткізеді.
Биыл елшілік қызметкерлері қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеп, қойылымдар мен ойындар ұйымдастырды. Қызметкерлер асық атып, тоғызқұмалақ ойнап жарысып, ою оюды үйренді, би билеп, ән айтып, көңіл көтерді, - деді елшілік.
Видеода ұлттық киім киген елшілік қызметкерлері далада қазан астына от жағып, ыстық бауырсақ пісірді.
Сондай-ал елші Дэниел Розенблюм мен елшінің орынбасары Джуди Куо баланың тұсауын кесті.
Күннің алғашқы нұры әрбір шаңыраққа бақ-береке әкелсін. Келе жатқан қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! Көктем баршамызға түсіністік пен үміт сыйласын! – деді елші өз құттықтауында.