Мәдениет және спорт министрлігі Tiktok платформасымен бірге Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қосымшаны пайдаланушылар #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіреді.
Челленджде TikTok-та танымал контент-мейкерлер: музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және танымдық видео авторлары қатысып жатыр.
Үздік видеороликтердің авторлары Kazakh Tourism компаниясының ұсынған жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның ең әдемі жерлеріне сапарлай алады. Жеңімпаз 5 күнге, екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады.
Видеоролик тақырыбы ретінде төрт бағыттың бірін таңдауға болады: тамақ, саяхат, мәдениет және музыка.
Онлайн-фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.
Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі – 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған», - деді ҚР МСМ ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.