Науқас өлімі. Дәрігерлерге қатысты қандай шара қолданылады

16 Қазан 2024, 14:07
855
Бөлісу:
Науқас өлімі. Дәрігерлерге қатысты қандай шара қолданылады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ архив

Павлодар облысында Железин аудандық ауруханасының дәрігерлеріне қаралған азаматша көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көз жұмған әйелдің қызы Әсем Қапарова әлеуметтік желі арқылы шағым түсірді. Дәрігерлер анасы ауыр халде жатқанда нақты диагноз қоя алмай, тиісті шараларды қолға алмаған.

Анамның іші қатты ауырып, жедел-жәрдем шақырттық. Олар «бүйректе тас бар» дегенді желеу етіп, ауырсынуды басатын препарат салды. Кейін жағдайы нашарлап, аудандық ауруханаға бардық. Анам таңертеңге дейін дәрігерді күтті. Аурухананың гинекологі мен хирургі толық диагностика олардың құзыреттілігіне кірмейтінін айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданған соң анам шұғыл түрде №3 қалалық ауруханаға жатқызылып, «асқынған аппендицит» диагнозы қойылды. Ота жасалған соң тілге келместен қайтыс болды, - дейді қызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Аманкелдінің хабарлауынша, аудандық ауруханада оқиға бойынша талдау жүргізілді.

Медициналық бөлім жөніндегі орынбасарына, хирург-дәрігерге, фельдшерге және жалпы практика дәрігеріне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза шаралары қабылданды. Фельдшер біліктілікті арттыру курстарынан өткенге дейін жұмысынан шеттетілді. Басқарма шағым негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаментіне тексеру жүргізу туралы хат жолдады, - деді басқарма өкілі.

Мақпал Аманкелдінің сөзінше, тексеру нәтижелерін алғаннан кейін жауапты тұлғаларға тәртіптік сипаттағы тиісті шаралар қабылданатын болады және болашақта мұндай фактілерді болдырмау үшін қажетті тапсырмалар беріледі. Нақты шаралар туралы салалық комитет шешім қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы