Алматы, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына коронавирустың жаңа штамымен екінші рет ауырып жатқандар туралы мәліметтер келіп жатыр. Бұл туралы ДДҰ-дың бас ғылыми маманы Сумия Сваминатан мәлімдеді.
Оның айтуынша, вирусты бұрын жұқтырып, ағзасында антидене қалыптасқан адамдар коронавирустың жаңа штамын жұқтыруда.
Сол себепті қазір вируспен ауырған науқастардың антиденесі қанша уақытқа жететіні зерттеліп жатыр екен.
Сондай-ақ, вакцина салдырғандардың басым көпшілігінде инфекция жеңіл түрінде өтетіні айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша вакцина вирустың ауыршаңдығын төмендетеді және оның таралуына да кедергі келтіретін көрінеді.
ДДҰ-ның соңғы мәліметі бойынша әлемде 108 млн адам коронавирус жұқтырған, 2,3 млн науқас осы дерттен көз жұмыпты. Қазір SARS-CoV-2 жаңа штаммы таралып жатыр, қазірдің өзінде ол 86 елде анықталған.