Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Атырауға Бішкектен шыққан әскери ұшақ келіп қонды. Ұшақ бортында 21 жолаушы бар. 11 ана және сал ауруымен ауыратын 10 бала, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олар Қырғызстанда екі апта ем алған, бірақ рейс тоқтатылғандықтан елге қайта алмай қалды.Балаларды тасымалдау үшін айрықша жағдай керек болды, сондықтан бұл іске Қорғаныс министрлігінің авиациясы тартылды, - деп хабарлады ҚР ҚМ Қырғызстандағы әскери атташесі полковник Ахтан Әбілдаев.
Елге оралғандарға арнайы аймақ жасақталып, коронавируске жедел тест алынды. Тест қорытындысы 7-8 сағат ішінде белгілі болады, егер тест теріс нәтиже көрсетсе, аталған ұшақ жолаушылары үйлеріне жіберіледі.
Бішкек әуежайында да жан-жақты тексеруден өттік, дене қызуымызды өлшеп, өзіміздің де, балалардың да жағдайын қарады. Қауіпті дерттің белгісі байқалған жоқ. Бұл тест те теріс нәтиже көрсетіп, үйімізге баратынымызға сенеміз, - дейді ерекше баланың анасы Венера Әділова.
Арнайы аймақ барлық қажеттіліктермен: тамақ, гигиеналық құралдармен, киімдермен қамтылған. Бұл шара коронавирустің болмауына және таралмауына бағытталды.
Бішкектен келген 11 ана мен 10 балаға мемлекет тарапынан, Атырау облыстық әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жолаушылар жан-жақты бақылауға алынады, оқшаулау аймағына орналастыру да назарда болады, - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары, арнайы комиссия төрағасы Бақытгүл Хаменова.