Алматыда президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемдегі жағдай өзгеруде. Қоғамның өркендеуінің ең үлкен құндылығын қазір табиғи ресурстар, мұнай мен газ кен орындары жасамайды. Ең көп нәтижені жаңа технологиялар, ноу-хау, зияткерлік меншік сияқты білім экономикасы береді, - деп атап өтті құқық қорғаушы.
Әлем баяу, бірақ сенімді түрде зияткерлік меншікті қорғау жүйесін, ережелері мен институттарын құруда. Бірақ бұл үрдіс әлі Қазақстанға жеткен жоқ.
Қазір Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау іс жүзінде жұмыс істемейді. Адамдар бәріне қол сұғуға көшкен. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланған нәрселер. Фотосуреттер, мәтіндер, фильмдер, музыка мен кітаптардың айналасында құқықбұзушылар көп. АҚШ-та немесе Еуропада платформалар үшін төлем жасамаса немесе фильм билетін сатып алмаса музыка тыңдау немесе фильм көру мүмкін емес. Қазақстанда контент үшін ақша төлеу ұят деп есептеледі. Құқық қорғау үшін сотқа жүгіну мәдениеті жоқ. Мәселен, микротолқынды пеш ұрлағаны үшін адам түрмеге түссе, өнер туындысын ұрлағаны үшін жазадан құтыла алады. Сондықтан бір нәрсені ұрлау – ұят, ал ақыл-ой еңбегінің өнімін сұрамай-ақ тартып алу – қалыпты жағдай болып кеткен, - деп қосты құқық қорғаушы.
Баяндамашы өзіне шығармашылық мамандық иелері – фотографтар, музыканттар, режиссерлер жүгінетінін, олар елімізде зияткерлік меншікті қорғау мәселесі үнемі екінші орында тұрғанына шағымданатынын атап өтті.
Жиынға қатысушылардың бірі құқық қорғаушылардың 10 жылдық талпыныстарынан кейін елімізде авторлық құқықты қорғауға арналған заң қабылданғанын баса айтты. Дегенмен, «ол әлі де шикі және проблемалы әрі даулы мәселелерді 100% қамтымайды».
Сонымен қатар, кандидат технология ұрлығы туралы да айтты. Бәсекелестер тәсілдерді, алгоритмдерді, құралдар мен әзірлемелерді көшіретіндіктен компанияларды табыстан айыратын өндірістік тыңшылық сияқты құбылыстар бар, дейді құқық қорғаушы.
Қазақстанда сараптама институты жоқ, сәйкесінше технологияның немесе өнімнің нақты кімге тиесілі екенін анықтай алатын мамандар да аз. Кім бірінші болды, кім автор, кім заңсыз иеленуші екенін анықтау қиын. Заңдар бар, сонымен қатар, осы мәселелермен айналысатын мемлекеттік ұйымдар да бар. Алайда, іс жүзінде ешқандай нәтиже бермей жатыр, - деп атап өтті спикер.
Еске салайық, Салтанат Тұрсынбекованың бүгін - Алматыдағы екінші күні. Бірінші күні ол қала тұрғындарымен кездесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылаған болатын.
Алматы қаласы - қазірдің өзінде кандидаттың сайлау алдындағы үгіт-насихат сапарын жасаған алтыншы өңір. Құқық қорғаушы бұған дейін елордада, Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында болған.