Нұр-Сұлтан, BAQ.kz тілшісі. Бүгін сайлау алдындағы үгіт-насихат қорытындысы бойынша «Кандидаттарды қолдау үшін сайлау алдындағы үгіт іс-шаралары туралы ақпаратты БАҚ-та баспа алаңының, эфир уақытының бірдей көлемінде тарату қорытындысы туралы» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова баяндама жасады.
«Электоралдық науқанды жазып көрсету бойынша мониторингпен 820 бұқаралық ақпарат құралы қамтылды. Оның ішінде: 17 республикалық телеарна, 66 республикалық баспа басылымы, 30 өңірлік телеарна, 519 өңірлік баспа басылымы, 30 радио, 140-тан астам интернет-ресурс белсенді әрекет етті. Мониторинг қорытындысына сәйкес, бүгінгі күні шамамен 16 мың ақпараттық материал жарық көрді. Бұл кезектен тыс президент сайлауына азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді. БАҚ-та сайлаудың ұйымдастыру-құқықтық аспектілерін халыққа түсіндіруге арналған 5 мыңға жуық материал жарық көрді. Республикалық деңгейде заңнама талаптары толықтай орындалды. 6 маусымда кандидаттардың қызметі және олардың штабтары туралы 11 мыңнан астам материал барлық БАҚ түрлерінде жарияланды», - дейді Нұргүл Мауберлинова.
Айта кетейік, үгіт-насихат жұмыстары 8 маусым сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыруға Президенттікке әрбір кандидатқа мемлекеттік бюджеттен – 7 331 200 теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша сайлаушылармен кездесу үшін 2849 үй-жай бөлген болатын және баспа үгіт материалдарын тарату үшін 6429 орын белгілеген.