Баянауыл ауданындағы туристік бизнес өкілдері жарықтың жиі сөнуі мен интернеттің нашар жұмысына шағымданып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Өзекті мәселелер Баянауыл ауданында өткен туризм және қонақүй бизнесі салалық кеңесінде кезекті рет көтерілді.
Кеңес мүшесі Арман Рахмашевтың айтуынша, Жасыбай көлінің маңайында туристік маусым қызыған кезде электр энергиясы тапшы. Салдарынан жарық жиі сөніп жатады.
Тағы бір проблема – сапасыз интернет. Оптикалық талшық демалыс зонасына дейін тартылған. Ал қонақүйлер техникалық тұрғыдан қосыла алмай отыр. Осындай шағымды аймақтағы ірі қонақүйлердің бірі «Баянтау» базасының өкілдері айтты. Тынығушылар интернет байланысы бойынша ыңғайсыздық көріп отыр. Ал кәсіпкерлердің бірі Торайғыр ауылындағы «Тау самалы» қонақүйіне дейінге жолға қиыршықтас төсеп беруді сұрады, - дейді кеңес мүшелері.
Туристердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де жетерлік. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Азамат Қожабердиев көпфункционалды құтқару құрылымын ашуды ұсынды.
Құрылым Жасыбай демалыс аумағында өртпен күрес, тауда жоғалып кеткен адамдарды іздеу, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналыса алады. Баянауыл өңірінде полицейлер, құтқарушылар мен жедел-жәрдем қызметін біріктіретін жедел орталық керек, - дейді Азамат Қожабердиев.
Жылдар бойы шешілмей келген мәселелер жергілікті кәсіпкерлер палатасының назарына ұсынылды. Әр проблема салалық басқарма қызметкерлерімен жіті қаралып, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрссетіледі.
Айта кетейік, осы аптаның демалыс күндері Баянауылда туристік кезең ашылады. Ондаған қонақүй алғашқы демалушыларды қабылдап, қызмет көрсете бастайды.