Қарағандыда жаңа туған сәбилерді заңсыз жолмен "сыйға беру" ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған іске №2 перинаталдық орталықтың медбикесі, бірнеше ерлі-зайыпты және делдалдар қатысқан. Сот олардың әрекетін адам саудасы ретінде қарастырып, жаза тағайындады.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты жаңа туған нәрестелерді заңсыз беруге қатысты қылмыстық істі қарады.
Белгілі болғандай, №2 перинаталдық орталықтың қызметкері Р. босанған әйел Ж.-мен байланысқа шығып, сәбиін баласыз жүрген адамдарға беруді ұсынған.
Р.-ның көмегімен жаңа туған сәбилер екі ерлі-зайыпты отбасы К. мен Б., О. мен И.-ға берілді. Бұл әрекетті заңдастыру үшін К. мен О. жалған әке ретінде жазылып, туу туралы куәліктер рәсімделген.
Б. жалған ДНҚ сараптамасын ұсынып, құжаттарды заңдастыруға тырысқан. Ол сонымен қатар жедел уәкілге тіл тигізгені үшін де айыпталды.
Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің жауабы, сараптама нәтижелері және өздерінің мойындауымен дәлелденді.
Азамат К., Б., О., И. – ҚР ҚК 135-бабы 2-бөлігі 1) тармағы (Адам саудасы) бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазалары шартты түрде тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Ал азамат Ж. – ҚР ҚК 135-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары (Көп адамдармен алдын ала сөз байласу, кәмелетке толмағанға қатысты) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза ең төменгі шектен төмен тағайындалған. Медбике Р, ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі және 135-баптың 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Р. мен Ж. сот залында қамауға алынды, - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот үкімі 2025 жылғы 30 маусымда жарияланды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда адам өлтіріп, мәйітті бөлшектеп қоқысқа тастағандарға үкім шыққан еді.