“Нан сатқандай, тарата бермейді”. Депутат нөмір сатуды шектеуді ұсынды

4 Наурыз 2024, 14:00
464
Бөлісу:
“Нан сатқандай, тарата бермейді”. Депутат нөмір сатуды шектеуді ұсынды
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында байланыс нөмірлерін сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Павлодар облысында іссапарда болғанында полиция департаменті өкілдері байланыс нөмірлерін (SIM-карта) беруге шектеу қоюды ұсынғанын атап өтті.

Біздің қоғамда кез келген дүкеннен нөмір сатып ала салуға болады. Бір кісіге шексіз, көп SIM-картаны сата береді. Ал кейбір мемлекеттердің тәжірибесін алып қарасақ, тек байланыс операторының филиалынан ғана сатып алуға рұқсат бар. Жекелеген дүкендер мұны нан сатқандай, таратып сата бермейді, - деді Амантайұлы.

Ол нөмір сатуға шектеу қою керегін алға тартты.

Полицейлер егер бір кісіге кем дегенде 2 немесе 3 SIM-картадан артық берілмесе, онда үлкен көмек болатынын айтып отыр. Осы мәселені заң жүзінде қарастыруға бола ма? Әлде министрліктің деңгейінде шешуге бола ма? – деп сұрады Жарқынбек Амантайұлы Цифрлық даму министрлігінен.

Мәжіліс «Киберқылмысқа қарсы күресудің өзекті мәселелері» туралы комитеттің тақырыптық отырысын өткізгенін еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы