Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ішкі істер министрінің кеңесшісі Инстаграм желісіндегі парақшасында полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқандарға қатысты түсініктеме берді.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде билік өкілдеріне, оның ішінде, полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан бейнекөріністер шыға бастады. Осыған байланысты ҚР ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділда Ораз өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында түсініктеме берді.
Өздеріңізге белгілі, қазір елімізде төтенше жағдай, карантин енгізілген бірқатар аймақ бар. Осыған байланысты егер сіз ТЖ нормаларын сақтамай немесе карантинде берілген нұсқауларды бұзатын болсаңыздар (адам көп шоғырланатын жерлерде жүру, түрлі шаралар ұйымдастыру, белгісіз себептермен далаға шығу), ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабындағы нормаларға сәйкес, жауапкершілік тағайындалуы мүмкін,-деді ол.
Нұрділда Ораз сонымен қатар, құқық қорғау қызметкерлеріне қол көтеру жағдайы тіркелсе, ол азамат жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Екінші бір мәселе, егер сіз осындай жағдайларда эмоцияға беріліп, балағаттап, полиция қызметкеріне қол жұмсауға дейін барсаңыз, ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабында қарастырылған жауапкершілік тағайындалуы мүмкін,-деді ол.
Министрдің кеңесшісі халықтан ел басына күн туған сәтте адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер, полицейлер, санитарлық дәрігерлер, әскерилердің жұмысына барынша түсіністікпен қатар, қолдау көрсетуді сұрады.