Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 15 қарашадан бастап 29 қарашаға дейін аптаның әр жұма күні елордалық тұрғында жапон фильмдерін тегін көре алады.
Фестиваль Қазақстандағы Жастар жылы асында өтіп жатыр.Кеше алғашқы фильм көрермен назарына ұсынылды. Енді 22, 29 қарашада Нұр-Сұлтан тұрғындары Жапония елшілігі ұсынып отырған үш фильмді "Керуен" сауда орталығында орналасқан Kinopark-тің 1-залында тамашалай алады.
Биыл Қазақстанда "Жастар жылы" болғандықтан, Жапониядағы жастардың өміріне арналған осы фильмдерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Фильмдерден жапониялық жастардың тұрмысы, ойы, көзқарасы, мақсаты, қиынтықтары мен қуанышты сәттерін көре аласыздар. Барлық жерде жастардың өмірі ұқсас болып келгенімен, біз оны кішкене айрықша етіп көрсетуге тырысқан киноларды алдық, - деді Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тацахико Касаи.
Жапония кино фестивалі аясында "Әкем дайындаған ас – ең керемет", "Мені ешкім қорғамайды", "Он алты жастағы балаларға арналған бусидо" фильмдерін көрсетіледі. Барлық фильмдегі актерлар – жастар және олар өздерінің өміріндегі сәттермен бөліседі.
"Әкем дайындаған ас – ең керемет" фильмі – 2017 жылы экранға шықты және көрерменнің көзайымына айналған туынды. Әкесі 3 жыл қатарынан жоғары сыныпта оқитын қызы Мидориге түскі асқа жапон дәстүрлі тағамы «бентоны» салып береді. Ал ең соңғы бентоға әкесі «ең алғашқы түскі астың» фотосын қосып, қызына хат жолдайды. Осылайша фильм әкесі мен қызының қарапайым өмірін сипаттап, қаншама жанның жүрегінен орын алады. Режиссері – Fukatsu Masakazu, сценарийін жазған – Оno Toshitsugu.
Маған фильм қатты ұнады. Жапонияда үлкен сыныпта да балаларына мектепке тамақ салып беретініне таңғалып тұрмын. Мен тек бастауыш сыныпта мектептен тегін ас іштім. Қазір анам салып береді. Ал анам іссапарға кеткенде кейде әкем кешкі ас дайындайды. Біз оның күріштен жасалған сорпасын жақсы көреміз. Осының барлығы көз алдыма келді. Салыстырып көрдім, - деді кішкентай көрермен Әлинұр Саматбек.
"Мені ешкім қорғамайды" 2009 жылы шықты. Фунамура отбасындағы үлкен баласы қылмыс жасағаннан кейін БАӨ өкілдері оларға "тыныштық бермейді". Детектик Кацуура Фунамура отбасының үлкен қызын қорғауға тырысады, бірақ оның бұл әрекеті желіге тарайды. Сөйтіп Кацуура Саориді алып, қашып кетеді. Кәмелет жасына толмаған баланың қылмысы туралы драма қылмыскердің отбасы мен оларды қорғауға тырысқан детектив арқылы заманауи қоғамның ащы шындығын сипаттайды.
Фильмнің режиссері әрі сценарийін жазған – Kimizuka Ryoichi.
"Он алты жастағы балаларға арналған бусидо" – 2010 жылы экранға шыққан фильм. 3 жасар қыз Каоридің әкесі – өте қатал. Әкесі сол жастан бастап оған жапондардың дәстүрлі семсерлесу өнері – кэндоны үйретеді. Каори үшін жеңіліс - өліммен тең. Ол орта мектептің соңғы жарысында өзімен қатарлас қыздан жеңіледі. Ал жеңген қыз – Санаэ. Ол үшін кэндо- жеңіс пен жеңіліске қарамастан, осы өнерден ләззат алу болатын. Екеуі де кэндодан жоғары мектеп клубына түседі және кэндо туралы екі көзқарас арасында қайшылықтар туындайды.
Режессері – Furumaya Tomoyuki, сценарийін жазғандар – Honda Tetsuya, Furumaya Tomoyuki, авторы – Honda Tetsuya.