Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Карантин енгізілген сәттен бастап КВИ бойынша жағдайдың нақты тұрақталғаны байқалады.
Денсаулық сақтау ұйымдарына түскен салмақ едәуір азайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бүгінгі онлайн Үкімет отырсында айтты.
Оның айтуынша, қазір еліміздің астанасында вирус жұқтырғандар саны 10 320 адамды құраған. 7 260 адам немесе 70% жазылып шыққан. Соңғы бір апта ішінде жазылғандар саны 1 563 адамды құрайды. Яғни науқастардың 25 пайызы өткен аптада сауығып шыққан. Қайтыс болғандар саны - 225. Ал стационарларда ем қабылдап жатқандар саны -1 511 адам. Ауыр халдегі науқастар саны 54%-ға азайған.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен бірқатар шара қабылданды. Нәтижесінде карантин енгізілген сәттен бастап КВИ бойынша жағдайдың нақты тұрақталғаны байқалады. Денсаулық сақтау ұйымдарына түскен салмақ едәуір азайды. Жедел жәрдемге жүгіну саны тәулігіне 4300-ден 1600-ге дейін төмендеді. КВИ бойынша жедел жәрдемге жүгіну 500-ден 89-ға дейін, яғни 6 есе азайды. Жалпы шақырулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1 мыңға дейін төмендеді, - дейді қала басшысы.Сонымен қатар, ол пневмониямен жатқан азаматтар саны 1 348-ден 633-ке дейін екі есе азайғанын жеткізді. Стационарлардың жүктемесі 99 пайыздан 38%-ға дейін төмендеген. Реанимациядағы адамдар саны 57%-ға дейін азайыпты. Егер бұрын ауруханаға тәулігіне 500-ге жуық науқас түсетін болса, қазір ол 90-ға дейін азайған.
Ауруханаларға қосымша 500 арнайы жабдықталған төсек-орын, 350 оттегі консентраты, 150 фулометр және қосымша 2 компьютерлік томограф алынды. Одан бөлек қосымша медициналық жабдықтар алу көзделуде, - дейді әкім.