Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада демалыс күндері ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Саябақтар, скверлер, жағалаулар, базарлар, сауда орындары, және адам көп жиналатын орындар қамтылады.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.Қалалық қызметтермен бірлесе дезинфекция жұмыстарына әскери қызметшілер де қатысады. Дезинфекция жұмыстары жаяу және арнайы машиналардың көмегімен жүргізіледі.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиеваның қаулысына сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, сауда үйлерінің және басқа да адам көп жиналатын орындардың басшылары жұмыс орындарында дезинфекция жүргізуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 20-21 маусым аралығында қоғамдық көлік жүрмейді, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар мен үйлердің маңында орналасқан дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінен (жұмыс кестесі сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін) басқа кәсіпорындардың барлығы жұмыс істемейді. Сонымен бірге барлық қоғамдық орындар: саябақтар, тынымбақтар және басқа да адам көп жиналатын орындар жабылады.
20-21 маусымда тұрғындардың жеке автокөлікпен қала аумағында қатынауына шектеу қойылады. Жұмыс орнына (қызметі рұқсат етілген жағдайда), жақын маңдағы дәріханаларға, азық-түлік дүкендеріне, медициналық қызмет алуға ғана қатынауға рұқсат беріледі.