Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы "Жерұйық" паркінде өткен митингіге ҚР ПарламентМәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері, қарапайым тұрғындар қатысты.
Митинг ҚР азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митинг және шерулер өткізуге қақылы деген тақырыпта өтті.
Алғаш болып депутат Бақытбек Смағұл сөз сөйледі.
"Біз, ауған соғысының ардагерлері тыныштық пен тұрақтылықтың қадіріне ерекше көңіл бөлеміз. Себебі біз соғысты көрдік, көріп қана қоймай оның азабын тартып, 18 жасымызда өлім туралы ойланған ұрпақпыз. Сондықтан да бүгін ұйыған тыныштығымыз бен ынтымағымызды сақтауға, ананың сүтін ақтауға ешқашан да аянбаймыз. Қоғам алдындағы көптеген мәселенің алға тартылып жатқаны жасырын емес. Жанымыз қиналып отырғанда қой терісін жамылғандар халықты арандатып, ортамызға от салғысы келіп отырғаны да жасырын емес. Ел ішіне ылаң салып, халықтың шырқын бұзуға ешқашан жол бермейміз. Тәуелсіздігіміздің тамырына балта шаптырмаймыз", - деді ол.
Мәжілісмен Павел Казанцев барлық прогрессивті күш деструктивті сәттерге қарсы бірігуі тиіс екенін айтты.
"Көптеген қазақстандықта қайсысы шындық, қайсысы өтірік, қоғамдық келісім қайда екені туралы сұрақтар туындап жатыр. Әрбіріміз болып жатқан жағдайға алаңдаймыз. Шынында елде не боп жатыр. Арнайы технологиялар қоғамға әсер еткісі келеді. Біз мұны Ливия, Сирия, Египет, Қырғызстан, Украинадан көріп отырмыз. Бұл технология ол елдерге не әкеледі? Гүлденді ме? Жоқ. Азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарды ма? Жоқ. Бір де бір елде жақсару болмады. Есесіне біз хаосты, экономика деңгейі мен азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын көрмедік. Біз осыны қалаймыз ба? Қазақстан осыны қалай ма? Проблемалық сұрақтарға спекуляция болып жатыр. Барлық прогрессивті күштер деструктивті сәттерге қарсы бірігуі тиіс",- деді депутат.
Келесі сөз алған депутат Бақыткүл Хаменова әр қазақтың баласы тыныштықты, татулықты сақтау үшін, бойындағы көзіндегі жалындаған отын осы елдің игілігі үшін сарп ететіні айғақ деп айтты.
"Тәртібіміз бен талабымызды осы жастардың ертеңгі күні айтаққа ермейтін, ешкімнің қолжаулығында болмайтын шаңырағымызда тәрбиелеау ана мен балаға сын. Бірлігімізді, нарлығымызды көрсететін сәт келді. Көрінгенге жем болмауымыз керек",- деп сөзіе түйіндеді ол.
Бақытжан Ертаев болса тыныштықты ешкім бұзбауы керек екенін айтты.
"Еліміз бар, жұртымыз бар, шекарамыз бар. Баукең "Біз еліміздің құлымыз, ел иесі өз елінің құлы болса, басқа елдің құлы болмайды" деген. Тәуелсіздікке жеттік. Біз тәуелсіздігімізді ешкімге бермейміз. Соғысты болдырмау мақсатымыз. Біз отанымызды қорғаймыз. Бізотанымызға кір келтірмейміз. Бізге қарай ит боп үргендер абай болсын, сақтансын. Болашағымыз бар. Тыныштықты ешкім бұзбау керек және бұздырмаймыз",- деді Ертаев.
ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы жастарға үндеу жасады.
"Біз бұл жерге біреудің көзін шығару, біреудің мінезін сипаттау, біреуге баға беру үшін емес, бірлігіміз үшін жиналып отырмыз. Бізге ынтымақ, қоғамның бірлігі, жауапкершілігі керек. Жастар білімді, бәрін сезінеді. Сыртқа шығып, көріп жатыр. Ертең жастар басшылыққа келеді, елдің бірлігіне жауапты болады. Жастар, бір бірімізді қолдап, дұрыс кәсіпті меңгеріп әлеуметтік тұрмысымызды түзейтін жағдайға жететін болсақ бірлігіміз де артады", - деді ол.
Содан кейін Оразкүл Асанғазы, Бекболат Тілеухан сөз сөйледі.
Қала тұрғыны Сәкен осы шарадан кейін ойы біршама өзгергенін жеткізді.
"Агитаторлар, жақсы сөйлейді. Бұл шараның болатынын бір-бірімізден естідік. Ойым басқа жаққа өзгерді. Өзгеріс көп. Жақсы жаққа өзгерді. Бұрын адам жетіспеушілік болғаннан кейін осындай проблемалар туындаған шығар деп ойладым. Енді ақылға салып, сын көзбен қарайтын боламын",- деді ол.
Шара соңында Алтынай Жорабаева ән шырқады. Бейбіт митинг бейбіт аяқталып, халық тарқасты.