Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаттығу сабақтары санитарлық дәрігердің арнайы бұйрығынан кейін ғана басталады деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Бүгінде балаларды спортқа баулуға айрықша көңіл бөлінуде. "Тәні саудың - жаны сау" деген нақыл бұрынғыдан да өзекті. Қазақстан астанасында осы бағытта балалардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта қалада 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. 73 бөлімшеде 8513 адам 57 олимпиадалық және 16 олимпиадалық емес ұлттық спорт түрлерімен айналысады. Балалар жүзу, каратэ, футбол, велоспорт, жүгіру және т.б. үйірмелерге қатысуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлімдер де бар.
Басқармаға қарасты кәсіпорындардағы жаттығу процесі тегін жүргізіледі.
Биыл балаларды конкурстық негізде қабылдау 1 қыркүйектен басталып, қазан айының ортасына дейін жалғасады.
Тіркелу үшін нақты спорт түрін таңдап, мектеп әкімшілігімен байланысыңыз. Бұл ретте жаттығу процесі бас санитарлық дәрігердің шешімінен кейін басталады, - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Қабылдауға керек құжаттар: ата-анасынан анықтама, баланың туу туралы куәлігінің және ата-анасы куәліктерінің көшірмесі, медициналық анықтама.
Жалпы, Нұр-Сұлтанда дене шынықтыру және спорт басқармасының 16 мекемесі бар. Бұл олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері № 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8 және № 9 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі; № 10 шайбалы хоккейден мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі; "Толағай" жоғары спорт шеберлігі мектебі; "Жігер" спорт клубы, "Дәулет" спорт комбинаты, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт мектебі.