Нұр-Сұлтан – Көкшетау тас жолының бойынан 28 жылқының өлексесі табылды

19 Қыркүйек 2019, 01:15
2640
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан – Көкшетау тас жолының бойынан 28 жылқының өлексесі табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданындағы жаңа зират маңынан 28 жылқының өлексесі табылды, деп хабарлады Елорда Инфо Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына сілтеме жасап.

«17 қыркүйек күні елорданың Байқоңыр ауданында, нақтырақ айтқанда, Нұр-Сұлтан – Көкшетау тас жолында жаңа зираттың солтүстік-шығыс маңында иесіз 28 бас жылқының өлексесі анықталды», – делінген Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы таратқан ақпаратта.  

Басқарманың дерегіне сүйенсек, жылқылардың өлекселері «Камаз» жүк көлігімен «Экополигон» қоқыс жинау алаңына тасымалданып, мобильдік инсинератор пешінде жойылған.   

«Өлекселерден сынама алынып, ҚР АШМ ВБжҚК-ның шаруашылық жүргізу құқығындағы «Республикалық ветеринариялық зертхана» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалына жұқпалы ауруларға тексеру мақсатында жіберілді», – деп жазылған мәліметте.  

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті қырылған жануарлардың иелерін іздестіріп жатыр. 
Өзгелердің жаңалығы