Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарқаралы ауданында ДСК, теннис орталығы және дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Енді аудан тұрғындары заманауи спорт залдарында спортпен айналыса алады.
Басты оқиға дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы болды. Жаңа нысанда карантин аяқталған соң 320 адамға дейін жаттығатын болады. Мұнда волейбол, гандбол және баскетбол алаңдары бар. Сондай-ақ, күрес және жаттығу залы, үстел ойындарына арналған жеке бөлмелер жабдықталған.
Сонымен қатар қарқаралылықтар теннис спортындағы дағдыларын жаңа орталықта жетілдіре алады. Спорт мектебінің бұрынғы күрес залы теннис орталығы ретінде қайта жаңартылды. Үстел теннисі секциясында ауданның 60-тан астам тұрғыны шұғылдануға ниет білдірді. Карантиндік шаралар аяқталғаннан кейін спортшылар жаттығуға кіріседі.
Қарқаралы ауданының Қарағайлы ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ол заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған, онда медициналық қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасалған.
Амбулатория бір мезгілде 100 адамға дейін қабылдай алады. Медициналық мекеменің күндізгі стационары 25 төсек-орынға есептелген.