Мызғымас бірлік. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – басты міндет

30 Қараша 2022, 23:30
1800
Бөлісу:
Мызғымас бірлік. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – басты міндет
Фото: автордан

Қазақстанда ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мемлекеттік және қоғамдық қағидаларды өз ішінде және өз қызметінде үйлестіретін бірегей ұйым өмір сүріп, белсенді жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жылдар ішінде жүзден астам түрлі этностар тұратын республика үшін бұқаралық, тиімді, тіпті қажетті құрылымға айналды.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған жұмыстары мен алдағы уақыттағы қызметі туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрәк Жинақбаеваны әңгімеге тартқан едік.

– Өздеріңізге белгілі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың сәуір айында құрылған. Оның құрамына этникалық-мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, зиялы қауым және басқа да азаматтық белсенділер кірді. Алғашқы жылы Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясында әртүрлі ұлттардың – грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс бірлестіктері пайда болды. Бұл этно-мәдени бірлестіктер өкілдері құрылған сәттен бастап өз жұмыстарын әлеуметтік-экономикалық және этникалық-мәдени тұрғыдан нақты бағдарлады. Олар халық дәстүрін жаңғырту, халық шығармашылығын дамыту, бұқаралық мәдени шаралар, оған қоса қайырымдылық пен мұқтаж жандарға көмек көрсету бағытында үлкен шаруалар атқарды. Міндеттердің ауқымы үлкен болғаны соншалық, бұл жұмыстарға еріктілер мен қайырымды жандардың жаппай қолдауы қажет екені бірден белгілі болды. Олар дер кезінде табыла кетіп, жұмыс бірден қайнап кетті. Оның нәтижесін бүгінге дейін көріп отырмыз. ҚХА идеясы өзін толық ақтады.

– Әңгімеміздің басында көне Тараздың тарихи орталығында орналасқан «Достық» үйі туралы айтып берсеңіз.

– «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығының аумағында орналасқан «Достық» үйінің төбесі өздеріңіз көріп отырғандай, шаңырақ тәрізді болуы кездейсоқтық емес. Киіз үйге ұқсайтын бұл ғимарат ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Ал «Достық» үйінің басты мақсаты – халық бірлігін сақтау. Сонымен қатар, біз қоғамдық келісім және ұлттық мемлекеттік бірегейлікті нығайту идеясын жүзеге асырудамыз.

«Достық» үйі этносаралық мәселелер бойынша әдістемелік-кеңес беру орталығы қызметін де атқарады. Бұл сәулетті ғимаратта өткізілетін әрбір іс-шараның басты мақсаты – ұлтаралық және мәдениетаралық диалог. Бізде дөңгелек үстел форматында кездесулер өткізуге арналған алаң, жүз адамға арналған мәжіліс залы, ғылыми-әдістемелік кабинеттер, медиаторлар кабинеті, ғылыми-сараптамалық бөлім, баспасөз қызметі және мәдени-көпшілік іс-шаралар бөлімі бар.

Дәстүр мен мәдени мұраны сақтау – этномәдени бірлестіктердің басты міндеттерінің бірі. «Достық» үйінде этностардың іс-шараларымен электронды түрде танысуға мүмкіндік бар. Үшінші қабатта орналасқан мәжіліс залында республиканың ірі қалалары мен көршілес елдерден келген делегациялардың қатысуымен кездесулер өтеді.

– Мүбәрәк Қасымқызы, бұған дейін Жамбыл облысындағы мәдениет және білім салаларындағы құрылымдарды басқарғаныңызды білеміз. Қазіргі қызметіңіздің ерекшеліктері туралы әңгімелеп беріңізші.

– «Қоғамдық келісім» мекемесі – нақты жұмыс істейтін ұйым. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамблеясы – көпұлтты Қазақстанда ғана қызмет ететін бірегей мекеме, әлемнің ешбір елінде ондай ведомсто қалыптаспаған.

Бізде әрбір этномәдени бірлестіктің басшыларына, мүшелеріне талап қою әдетке айналмаған, өйткені олар өз жұмыстарын өз еріктерімен атқарып жатыр. Осыған қарамастан, олардың жалпы жұмыс барысы нақты анықталған. Мәселен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері өз қызметінде ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауына сүйенеді.

Біз этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен үнемі байланысып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бұл – біздің басты міндетіміз.

– Соған қарамастан, қоғамда жиі, әсіресе соңғы уақытта: «Ассамблея не үшін қажет?» деген сұрақтар туындап жатыр. Бұл тақырып төңірегіндегі пікірлер де әртүрлі. Сіз бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Қанша адам болса, сонша пікір бар емес пе? Бұл орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы әртүрлі көзқарас білдіру де көпшілікке әбден қолайлы деп білемін. Ал шындығында, түрлі қоғамдық ұйымдардың қызметтерін бір бағытқа бағдарлау оңай шаруа емес. Нақтырақ айтсақ, этно-мәдени бірлестіктермен жүйелі жұмыс жүргізу үлкен күш-жігерді қажет ететіні сөзсіз. Оның үстіне, Жамбыл облысы өзге этнос өкілдерінің саны жөнінен республикада екінші орында тұр. Аймақта 87 этностың өкілдері тұрады, оның 75-інің бірлестіктері Ассамблеяда тіркелген. 30-дан астамы арнайы аккредитациядан өтіп, жұмыстарын жүргізеді.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесі бар. Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі арқылы өзге этностардың жас өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнаттық.

Бізде ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен қолданбалы өнер шеберлерінің клубтары, «Жастар ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі, медиация кабинеті еңбек етеді. Медиаторлар әртүрлі тараптар арасында туындаған дауларды ортақ келісімге әкелу арқылы шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізеді.

– Мүбәрәк Қасымқызы, медиацияны дамыту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын толығырақ әңгімелеп берсеңіз.

– Бұл – біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі жағдайда медиаторлар қоғамда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп үлгерді деп ойлаймын, пікірі мен мақсаты әртүрлі тараптардың ортақ мүдделерін, бір мақсаттарын іздеу арқылы адамдар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді. Медиаторлар қақтығысты басталмай тұрып шеше алады.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетінің қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторлары халық өкілі ретінде әрекет етеді.

Ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында «Қоғамдық келісім» мекемесінде қанатқақты жоба режимінде «Этносаралық саладағы жанжалдарды шешудің ерекшеліктері» атты оқу курсы өткізілді. Мұндай курстар біздің мекемеде үнемі ұйымдастырылып тұрады. Соның нәтижесінде Жамбыл облысындағы жанжалды жағдайларды шешу үшін ондаған кәсіби келіссөзшілер дайындалды. Олар өңірдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолында еңбек етуде. Яғни, талас-тартыс болғанымен, көп жағдайда екі жақ бір-бірімен татуласып жатады.

– Мүбарак Қасымқызы, өзіңіз білесіз, ҚХА-ның басты назарында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту тұр. Осы бағыттағы жұмыстарыңызды көпшілік біле бермейді.

 

– Дұрыс айтасыз, алайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарына елімізде тұратын әрбір азамат атсалысуы керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламалық құжаттардың бірінде: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі нығая түсуде» деп атап көрсетті. Осы жерде Жамбыл облысын мекендеген өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі зор екенін айрықша мәлім еткім келеді. Олардың көпшілігі қазақ тілінде белгілі бір дәрежеде сөйлей алады.

Ал қазақ тілін үйреніп, осы саланың кәсіби маманы атанып жатқан азаматтар қаншама?! Мәселен, жақында «Достық» үйінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асты. Бұл жобаның аймақтық кезеңінде іріктеу өте салмақты өтті десем де болады. Бұл шара өскелең ұрпақты, түрлі этнос өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды деп ойлаймын. Сондай-ақ қазақ тілін күнделікті өмірде қолданып қана қоймай, әдебиет сабағында жазу сынауына жол ашқанымызға сенімдімін. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің, мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, ұлтаралық қатынас тіліне айналуының айқын көрінісі болды.

– Жамбыл облысындағы этно-мәдени орталықтардың өткізетін мәдени шаралары көбіне қандай тақырыптарды насихаттайды?

– Біздің этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқының мәдениеті мен өнерін дамыту үшін көп жұмыстар атқаруда. Айта кетерлігі, өңірде тұратын этностардың дінін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде «Қоғамдық келісім» мекемесіне қарасты бөлімдер ілкімді істер атқаруда.

Әрбір шарада барлық этностардың рухани, этикалық, мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Біз елімізде ерекше мерекелерді – Алғыс айту күні, әз-Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні және тағы басқа атаулы күндері айрықша сән-салтанатпен, ықыласпен атап өтеміз.

Әрбір этномәдени бірлестік шығармашылық байлығын, мәдени дәстүрлерін көрсетіп, бұқаралық мерекелердің қонақтарын қуантады, олардың ішінде біздің ұлттың құндылықтары да аз айшықталмайды. Мәселен, жақында ғана көрермендер мен қонақтар этнопсихология бойынша қызықты интерактивті тренингке және кескіндеме мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелеріне қатысты. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен Қ.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды.

Шара аясында ұлттық спорт ойындары мен спартакиада өтті. Жастар үшін арнайы жабдықталған алаңда караоке кеші ұйымдастырылды. Шараға қатысушылардың назарына шеберлеріміздің түрлі бұйымдары қойылған арнайы жәрмеңке ұсынылды.

Баршаға тамаша көңіл-күй сыйлаған басқосуға жиналғандар өзбек этно-мәдени бірлестігінің 300 орындық мүшелері дайындаған палаудан дәм татты.

Ал мұндай үлкен кездесулерді жылына бірнеше рет өткіземіз. Кішігірім ауқымдағы тағы көптеген оқиғалар бар. Жамбылдықтарды «Достық» үйінің қабырғасында диалогқа, тұрақты жанды қарым-қатынасқа шақырамыз. Бізге барлығы келе алады, біз оған тек қуанамыз.

– Әңгімеңізге рахмет, істеріңізге жеміс тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы