Мыс экспортынан дайын өнімге: Қазақстанға жаңа зауыт қандай мүмкіндік береді?

 Ақорда 21 Қазан 2026, 12:20
21 Қазан 2026, 12:20
108
Фото: Ақорда

Қазақстан үшін мыс өндірісінің экономикалық тиімділігін арттырудың жолы – шикізатты ел ішінде өңдеп, одан дайын өнім шығару. Айбар Олжай Ақтоғайда құрылысы басталған мыс балқыту зауытының маңызын осылай бағалайды. Оның пікірінше, жаңа кәсіпорынның айналасында кабель, электр жабдықтары және машина жасау өндірістерін дамыту қажет.

20 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне телекөпір арқылы қатысты. Жобаның жылдық қуаты 300 мың тонна катодты мыс өндіруге есептелген. Алғашқы өнімді 2030 жылы алу көзделіп отыр.

Айбар Олжайдың пайымынша, бұл жобаның мәні қосымша өндірістік қуат ашумен шектелмейді. Ол Қазақстанның шикізаттан көбірек экономикалық құн алуына мүмкіндік беруге тиіс.

Шикізат қоры табысқа қалай айналады?

Президент келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Елде жыл сайын шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.

Алайда Айбар Олжай табиғи ресурстың мол болуы өздігінен жоғары экономикалық табысқа кепілдік бермейтінін айтады. Шикізатты өңдеу, тазарту және одан өнеркәсіпке қажетті өнім шығару арқылы оның құны артады.

Осы тұрғыдан алғанда, мыс концентратын сыртқа сату мен оны ел ішінде өңдеудің экономикаға әсері әртүрлі. Өңдеу сатылары Қазақстанда жүзеге асқан сайын, өндірістен түсетін табыстың көбірек бөлігін елде қалдыруға мүмкіндік туады.

Мыс концентратын экспорттау мен сол мыстан электр жабдығын шығару арасында бірнеше технологиялық саты және қосымша табыс жатыр. Қазақстан үшін стратегиялық мүмкіндік те осында, – дейді Айбар Олжай.

540 жобаның нәтижесі немен өлшенеді?

Мемлекет басшысының мәліметінше, 2025 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жеткен. Соңғы үш жылда еліміздің барлық өңірінде 540 индустриялық жоба іске қосылып, 50 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.

Айбар Олжайдың пікірінше, бұл көрсеткіштерді бағалағанда өндіріс көлемімен қатар, кәсіпорындардың экономикаға беретін ұзақмерзімді әсеріне де назар аудару қажет.

Бұл жерде ең маңызды көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінің 60 миллиард долларлық көлемі ғана емес. Соңғы үш жылда іске қосылған 540 жобаның экономикалық қайтарымы, технологиялық деңгейі және олардың айналасында қалыптасатын өндірістік тізбектер әлдеқайда маңызды, – деп есептейді ол.

Яғни жаңа кәсіпорынның тиімділігі оның қанша өнім шығарғанымен бірге, басқа өндірістердің дамуына қаншалықты ықпал еткенімен де өлшенеді.

Катодты мыс - келесі өндірістерге негіз

Ақтоғайдағы зауытта мыс концентраты өңделіп, катодты мыс шығарылмақ. Президенттің айтуынша, кәсіпорынның жоспарланған қуаты ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші он елдің қатарына ене алады. Кәсіпорында алтын мен күкірт қышқылын өндіру де қарастырылған.

Айбар Олжай катодты мыс өндіруді терең өңдеудің соңғы сатысы деп қабылдамау керегін атап өтеді. Оның түсіндіруінше, бұл металл электр кабельдерін, трансформаторларды, электр қозғалтқыштарын және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді шығаруға негіз болады.

Сондықтан жаңа зауыттың іске қосылуымен қатар, оның өнімін пайдаланатын кәсіпорындарды дамыту мәселесі де өзекті.

Бізге ендігі жерде мыс сымы, кабель, электр техникасы, электр жабдықтары және машина жасау өндірістерін дамыту қажет. Сонда ғана шикізаттан түсетін табыстың көбірек бөлігі Қазақстан экономикасында қалады, – дейді ол.

Мүмкіндікті дайын өнімге айналдыру қажет

Айбар Олжай әлемдегі электр энергетикасының дамуы, дата-орталықтар құрылысы, электр көліктерінің таралуы және электр желілерін жаңғырту мысқа сұраныс қалыптастырып отырғанын айтады. Оның бағалауынша, мұндай жағдайда Қазақстан үшін мысты ел ішінде барынша терең өңдеудің экономикалық маңызы арта түседі.

Бұл ретте шикізат құрамындағы пайдалы компоненттерді кешенді игеру де маңызды. Ол жаңа зауытта ілеспе өнімдер шығаруды ресурсты тиімді пайдаланудың бір жолы ретінде қарастырады.

Дегенмен негізгі міндет – металл өндірумен шектелмей, одан дайын тауар шығаратын өндірістік тізбек қалыптастыру. Айбар Олжайдың пікірінше, елдің табиғи байлығы сонда ғана экономиканың тұрақты табыс көзіне айналады.

Бай мемлекет дегеніміз жер астында байлығы көп ел емес. Сол байлықтан ең көп экономикалық құн жасай алатын ел ғана өзін баймын деп айта алады, – деп түйіндейді ол.

Наверх