Талғар әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы жолдарды уақытылы қар мен мұздан тазаламағаны үшін айыппұл арқалады. Ол тұрғындардың шағымына жауап беріп, жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 1-бөлігі («Жолдарды ұстау талаптарын орындамау») бойынша айыпталған. Аталған бап бойынша лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Оқиғаға қатысты әкімнің өзі де пікір білдірді:
Мықты болсаңдар, ертең менімен бірге қаламыз үшін жұмыс істейік! – деп жазды Арыстанбек Әбілқайырұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін талғарлықтар әлеуметтік желілерде көшелер мен тротуарлардың мұз бен қардан тазаланбағанына шағымданған болатын.
Біздің әкім тек TikTok-та ғана белсенді, ал көшелер мұз болып жатыр, жүру мүмкін емес, – деген секілді пікірлер қалдырған тұрғындар.
Айта кетейік, Арыстанбек Әбілқайырұлы – әлеуметтік желілерде өте белсенді әкімдердің бірі. Ол тұрғындардың шағымдарына тікелей жауап беріп, проблемалы аумақтарға өзі барып, мәселені шешуге атсалысады. Әкім тіпті TikTok-та Кендрик Ламардың әніне мектеп оқушыларымен бірге билеген сәтімен де танылған.
Еске сала кетсек, ол 2024 жылдың желтоқсанында өткен сайлауда Талғар қаласының әкімі болып сайланып, 9 071 дауыс жинаған. Бұл қызметке барлығы үш кандидат бақ сынаған еді.
Қоғамның назарын аударған Талғар қаласында жергілікті халықтың дауыс беруімен сайланған жаңа әкім Арыстанбек Әбілқайырұлы BAQ.KZ тілшісіне "Баяғы жартас, сол жартас болып қалғанын қаламаймын" деп сұхбат берген еді.