Мыңжылқы Бердіқожаев: Дәрігерлердің шетелге ауысуына қуануымыз керек

17 Наурыз 2021, 15:55
2559
Бөлісу:
Мыңжылқы Бердіқожаев: Дәрігерлердің шетелге ауысуына қуануымыз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев отандық дәрігерлердің шетелге кету себебіне тоқталды.

Ең алдымен, біздің дәрігерлерді шетелдік медицина мекемелерінің шақырту жіберіп, алып кетіп жатқанына қуану керек. Бұл біздің елдегі медицинаның жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Жаһандану заманында егер азамат өз ісінің маманы болса, оған әлемнің кез келген есігі ашық. Таңдау әркімнің өзінде, - дейді ол.

5000 операция жасаған дәрігер жылына 500-600 ота жасайтынын жеткізді. Ал пандемияға дейін шекара ашық кезде шетелдерде жылына 40-қа тарта лекция оқыған. Оның ішінде Испания, Германия, Франция, Үндістан сияқты ірі елдер де бар.

Түркияның Стамбул қаласындағы әріптесіммен бірлесіп екі рет операция жасадық. Сонымен қатар Македония мамандары біздің қолданып жүрген технологияларымызды үйрет деп екі рет арнайы шақыртқан болатын. Қазір өзім бармасам да, шетелдік жас әріптестерім операция үстінде тұрып, «мына отаны қалай жүргізсе болады» деп хабарласып жатады. Білгеніммен бөлісемін. Көршілес Қырғыз, Өзбекстан елдерінен де шақырып тұрады, - деді ол. 

Айта кетейік, дәрігер бұған дейін инсультқа шалдыққан адамды қозғауға болмайды деген ескі наным екенін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы