Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Мыңның біріне бұйыратын бақыт”: Білікті ұстаз жақсы мұғалім қандай болуы керегін айтты

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
2 Желтоқсан 2025, 15:51
4360
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қазақ қоғамында ұстаздық – ұрпаққа білім беруден асып, жүректен жүрекке жалғанатын үлкен аманат. Осы асыл мұратты бірнеше буын бойы адал атқарып келе жатқан Астанадағы Мақановтар әулеті – нағыз педагогикалық династия. Жарты ғасырға жуық тарихы бар бұл әулеттің өкілдері білім мен тәрбие беруді кәсіби міндет емес, ұлт алдындағы рухани борыш деп біледі. Сол әулеттің ұлағатты келіні, еңбек жолын адалдықпен өрген ұстаз Барқыт Серікбайқызы – ұстаздықтың қадірін өмірлік ұстанымына айналдырған жан. Оның тағылымға толы өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіне сіңген еңбегі – тұтас бір әулеттің биік мектебі, ұлттық педагогиканың жарқын көрінісі.

BAQ.KZ тілшісі ұстаздық жолға 17 жасында келген ұлағатты ұстазбен әңгімелесті. Барқыт Серікбайқызы бүгінде елордадағы №102 келешек мектебінде қызмет етеді.

Ұстаздық – тек мамандық емес, жүрекпен атқарылатын киелі қызмет. Астанада тұратын Мақановтар әулеті – осы қасиетті жолды бірнеше буын бойы жалғастырып келе жатқан педагогтер әулеті. Бұл әулеттің жинақталған педагогикалық еңбек өтілі 500 жылға жуық, ал әулеттегі жалпы ұстаздар саны бүгінде оннан асады.

Осы үлкен әулеттің келіні, тәжірибелі ұстаз Барқыт Серікбайқызы – өзі де мұғалімдер отбасында дүниеге келген жан. 1955 жылы Ақмола өңірінде туған ол жастайынан ұстаздық дәстүрді көріп өсті. Анасы Сексембаева Шайза Біркейқызы – қазақ тілі мен әдебиетінің жанашыр ұстазы. Бес қыздың үшеуі – Барқыт, Бақыт, Әлия – анасының жолын қуып, педагогика институтына түсіп, ұстаздықты өмірлік қызметіне айналдырды.

Барқыт Серікбайқызы келін болып түскен Мақановтар әулеті де – ұстаздар династиясы. Ол бұл шаңыраққа жетінші мұғалім болып келген кезде бұл әулетте алты педагог бар еді. Бүгінде әулеттегі ұстаздар саны он екі адамға жетті. Әулеттің ақылшысы, данагөй ене – Дәмежан Дүзенқызы, 45 жыл бойы ұстаздық етіп, оның 20 жылға жуығын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде өткізген. Ол – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атағын иеленген ұлағатты ұстаз.

Мақановтар әулетінен шыққан педагогтер математика, физика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, бірнеше буынның санасына білім нәрін құйып келеді. Бұл еңбектің түп тамыры – адалдық пен еңбексүйгіштікке негізделген тектілік мектебі.

“Мыңның біріне бұйыратын бақыт”: Білікті ұстаз жақсы мұғалім қандай болуы керегін айтты

“Еңбек түбі – береке” дегендей, біздің отбасымыз – еңбекқор ұстаздар әулеті. Әулетіміздің педагогикалық өтілі шамамен 500 жылға жуықтайды. Бұл – біздің ұстанған жолымыздың беріктігін дәлелдейді, - дейді Барқыт Серікбайқызы

Ұстаздық – жүрек ісі

Барқыт Серікбайқызы мамандық таңдаудың өзі үшін табиғи жол болғанын айтады.

Бала кезімде мұғалімнен басқа мамандық болатынын білмейтінмін. Мұғалім болу – мен үшін тағдырдың тартуы. Жүрек қалауымен таңдадым. Бұл – Алланың маған берген сыйы шығар, - дейді ол.

Өз үйінен көрген өнегені ол келін болып түскен әулеттен де тапқан. Ұстаздықты ұрпаққа мирас ретінде жалғастыру – бұл әулеттегі үлкен құндылық. Тіпті 2009 жылы “Отбасы тірегі – тіл” қалалық байқауында Мақановтар отбасы сахнада домбырамен, баянмен, ұстаздық жолды өсіретін қойылыммен қатысып, отбасының бірлігі мен өнерін көпшілікке паш еткен.

“Мыңның біріне бұйыратын бақыт”: Білікті ұстаз жақсы мұғалім қандай болуы керегін айтты

Жас мұғалімдерге өсиет: “Жақсы мұғалім болу – мыңның біріне бұйыратын бақыт”

Барқыт Серікбайқызы жас мамандардың білім саласына келуін қуанышпен қабылдайтынын, алайда оларды мектепте тұрақтандыру, тәлімгерлік қолдау көрсету – бүгінгі басты міндет екенін айтады.

Ұрпақ тәрбиелеу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әр бала – біреудің жалғызы, болашағы. Мұғалім бола салу оңай, ал жақсы мұғалім болу – мыңның біріне ғана бұйыратын бақыт. Сол бақыт сіздерге бұйырсын, – деп кеңес берді тәжірибелі ұсаздар жас әріптестеріне.

Оның сөзінше, бүгінгі педагог тек пән мұғалімі емес, ол – баламен, ата-анамен, әріптеспен мәмілеге келе алатын, ұжымда үйлесім орната білетін педагог-дипломат.

Құндылықтардың негізі – адалдық

Барқыт Серікбайқызы ұстаздық жолдағы басты қағидасын былай түсіндіреді.

Жұмысымдағы ең маңызды құндылық – адалдық. Мамандыққа адалдық, шәкірттеріме адалдық, өзіме адалдық. Бұл – ата-анамыздың бізге бала кезден сіңірген тәрбиесі. Сол адалдықты шәкірттерімнің бойына сіңіруге тырысамын, – дейді ол.

Ол үшін білім беру мен тәрбие – егіз ұғым. “Мектеп – білім мен тәрбиенің киелі ордасы” дей отырып, ұстаз әр баланың жүрегіне жол табуды қасиетті борыш санайды.

“Мыңның біріне бұйыратын бақыт”: Білікті ұстаз жақсы мұғалім қандай болуы керегін айтты

Жасанды интеллект пен жаңа технологияға көзқарас

Барқыт Серікбайқызы еліміздегі білім реформаларына, жаңа технологиялардың, әсіресе ЖИ-дің (AI) енгізілуіне қатысты да өз пікірін білдірді.

ЖИ – заман талабы. Оқу процесінде тиімді қолданылуы тиіс. Ол – мұғалімді алмастыратын құрал емес, біздің цифрлық көмекшіміз. Ол уақытты үнемдеп, оқыту әдістерін әртараптандыруға мүмкіндік береді, - деп айтты ұлағатты ұстаз.

Оның айтуынша, баланың шығармашылығын қолдау үшін мектептерде әртүрлі үйірмелер мен қосымша білім беру бағыттарын дамыту өте маңызды.

Білім реформалары туралы көзқарас

Әр министр келген сайын жаңа реформа басталады, бірақ аяқталмай қалады. Реформаны еңгізбес бұрын оны жан-жақты зерттеп, тиімді-тиімсіз тұстарын саралап барып енгізу қажет, – дейді ол соңғы жылдардағы реформалардың жиі ауысуына алаңдап.

Ұстаздың ең үлкен жетістігі – оның шәкірті

Барқыт Серікбайқызының айтуынша, ұстаздың ең жоғары марапаты — оның шәкірттері.

Өмірден өз орнын тауып, қоғамның кірпіші болып қаланған шәкірттерімді көргенде, еңбегімнің еш кетпегенін сезінемін. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті алыс-жақын шетелдерде қызмет етіп жүр, - дейді ол оқушылары жайлы.

Міне, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін ұстаз еңбегінің нәтижесі — бір адамның емес, тұтас елдің болашағына қосылған үлес.

Ұстаздықты ұрпаққа мұра еткен әулет

Мақановтар әулеті – бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін аса құнды рухани байлықтың иесі. Олар үшін ұстаздық – қызмет емес, ұлт алдындағы адал парыз. Бұл әулет еңбекқорлық, ізгілік, парасат пен білімді дәріптеп, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды.

Барқыт Серікбайқызының сөзімен айтқанда: “Ұстаздық – мен үшін тек кәсіп емес, өмірімнің мәні. Мен өзімді жақсы мұғалім болу бақыты бұйырған адаммын деп санаймын”.

Осындай ұстаздар барда, ұрпақтың да, елдің де болашағы баянды болары сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы