Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында Мұзтау шыңына шығамын деп жарақат алып есінен айырылған әйел тікұшақпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 22 шілдеде Катонқарағай ауданы Мұзтау шыңындағы Сәрсембай учаскесінде болған.
Тауға шығып бара жатқан 27 жастағы әйел аттан құлап, жарақат алып, есінен айырылды. Сол жерге құтқарушылар мен дәрігерлер ШҚО әкімдігінің әуе бөлімшесінің МИ-2 тікұшағымен келіп жетті. Медициналық мекеменің мамандары саяхатшының оң иығының төменгі үштен бір бөлігінің жабық сынғанын анықтады, - делінген ақпаратта.
Қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ол тікұшақпен Катонқарағай ауылының ауданаралық ауруханасына жеткізілді.
Осы ретте ШҚО ТЖД туристерге таулы жерлерде жүргенде қауіпсіздік шараларын сақтауға және барынша абай болуға шақырды.