ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі ұсынған жауапқа сәйкес, әйелдерге, қыздарға шариғат шеңберінен шықпай сәнденуіне, боянуына рұқсат етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әйелдердің боянуына қатысты Құранда былай делінген:
"(Уа, Пайғамбар!) "Алланың құлдарына шығарған әшекейлері мен ризықтардың жақсыларын харам етіп жүрген кім?" деп айт".
Мүфтият бұл аят кез келген әшекейдің рұқсат екендігіне дәлел болатынын жеткізді.
Али Йеменнен Алла Елшісінің түйесін алып келгенде, Фатиманың ихрамнан шығып, боялған киім кигенін және көзіне сүрме жаққанын көреді, – делінген Жәбирден жеткен хадисте.
Сондықтан әйелдерге сүрмеге рұқсат етілгендей, макияж т.б. бояғыш заттармен боянуларына болады. Алайда төмендегі шарттардың орындалуы тиіс:
- Күйеуінің және махрамдарының (редакция ескертуі – неке құруға рұқсат етілмеген адамдар, яғни олар туыстық байланыстағы адамдар) алдында боянуы. Бұлардан басқа бөгде адамдардың алдында жұқартып немесе қалыңдатып болса да боянуға болмайды.
- Зиян болмауы;
- Ері қайтыс болған әйел идда мерзімін (ред. еск. – мұсылмандық құқықта неке шарты жойылған немесе бұзылған әйелдің келесі некеге дейін күтетін мерзімі) күтіп отырмаған болуы. Себебі әйелге идда мерзімінде сүрме жағуға, боянуға, иіс су себінуге болмайды.
- Әдептілік шеңберінен шықпауы әрі қалыптасқан әдеп-ғұрыпқа қайшы келмеуі;
- Ысырапқа жол бермеуі;
- Бояғыш заттардың құрамында нәжіс, харам, су өткізбейтін нәрселер болмауы тиіс. Өйткені ғұламалар дәретте жуылуы тиіс болған ағзаларға және ғұсылда бүкіл денеге су жеткізу керектігіне бірауыздан келіскен.