Астанада Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлады BAQ.KZ.
Конференция Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы» КММ, Мұстафа Шоқай ғылыми орталығы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына Түркия мемлекетінің Стамбұл қаласындағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіжәлел Бәкір, шоқайтанушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Халықаралық жазушылар мен публицистер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі Қасымхан Бегманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Руслан Рустемов, Германия мемлекеті Берлин қаласының журналисі Биргит Бауэр, Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, мемлекеттік қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, жазушылар, Қызылорда қаласындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеуші ғалымдары, Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары, ұстаздар қауымы, жас мұстафанушы оқушылар қатысты.
Конференция жұмысының аясында Түркия мемлекетінің Стамбұл қаласындағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты. Мұстафа Шоқай» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл жинақ қазақ, түрік, орыс және француз тілдерінде басылып шықты. Атаулы топтамаға Мұстафа Шоқайдың бір ғасыр бұрын жарық көрген 120 мақаласының ең өзекті 41-і таңдалған.
Секция жұмысы мектеп оқушыларының ғылыми ізденістері мен шығармашылық жұмыстарымен жалғасын тапты.
Айта кетейік, конференцияға қатысушылардың ғылыми еңбектері мен ізденіс жұмыстары жинаққа енгізіліп, оқырмандарға таратылады.