Бүгін Алматыда өтіп жатқан батуттағы гимнастикадан VI жазғы спартакиаданың бірқатар бағдарламадағы чемпионы мен жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акробатикалық жолақта секіруден қыздар арасында командалық сында Алматы қаласы топ жарса (60,6 балл), аз ғана ұпай қалып кеткен Қарағанды облысы 2-орын (60,2) алды.
Үздік үштікті Шымкент қаласының (57,6) гимнастары түйіндеді. Бұл бағдарламада әр командада 3 спортшыдан өнер көрсетті.
Іріктеу нәтижесі бойынша финалға 4 команда шықты.
Осыдан кейін кезек жекелей сынға келді. Мұнда Виталия Смотрикова (ШҚО, 22,4 балл) чемпион атанса, шымкенттік Яна Головицкая (21,5) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қола Милана Швабтың (Қарағанды, 21,1) еншісінде.
Сайыстың бұл түріне барлығы 16 гимнаст қатысты. Оның жартысы жартылай финалға, тағы жартысы финалға жетті.
Ал акробатикалық жолақта секіруден ерлер арасындағы бүгінгі барлық медаль Шымкент қаласының қоржынында. Тәжірибелі
Зухритддин Имамов
24,8 балл жинап, үздік нәтиже көрсетті.
Одан кейінгі сатыға Марат Саттаров (24,3) пен Александр Ромахов (23,7 балл) жайғасты.
Мұнда 32 спортшы күш сынасты. Командалық бәсеке ертең өтеді.
Батутта секіруден жекелей сында ұлттық құрама көшбасшысы Данил Мусабаев топ жарып, Қарағанды облысының командасына алғашқы алтынды сыйлады.
Алдыңғы, V жазғы спартакиаданың жеңімпазы бүгін күміс медаль алған Роман Барков (ШҚО) пен Ерлан Тасмағамбетовтан (Қарағанды) әжептәуір озып кетті.
Осы жаттығуда бас жүлдеден дәмілі болған тағы бір ұлттық құрама көшбасшысы Пирмаммад Алиев қателік жасап, соңғы орынға түсіп қалды.
«Жақсы биіктік пен жылдамдық алғанмын. Бәрін ойдағыдай істеп жатқанымды білдім. Бұл қатты күрделі бағдарлама емес еді. Алайда айналым жасап, қайта серпілгенде шетке кетіп қалдым. Қай жерде қате кеткенімді білемін. Бапкермен бірге бейне қайталауды көріп, тағы сараптап көреміз»,-деді Шымкент қаласының атынан сынға түсетін Пирмаммад.
Әйелдер арасындағы бағдарламада Павлодар облысының өкілі Виктория Бутолина (51,830 балл) қарсылас шақ келтірген жоқ.
Күміс медаль оның командаласы Анастасия Афанасьеваға бұйырса, қоланы Екатерина Кожемякина (Қарағанды облысы) жеңіп алды.
Батутта синхронды секіруден жүлдегерлер ертең белгілі болады.
Бүгінгі финалдар легі қос минитрамптағы жекелей жаттығумен аяқталды.
Әйелдер арасында Екатерина Хохлова (21,900 балл) өзінен 8 жас үлкен Анастасия Афанасьевадан (21,700) сәл ғана озып, алтын медаль алды.
Қола жүлдегер шымкенттік Марина Титаренконың еншісінде кетті (21,500). Ерлер арасында соңғы болып секірген Игорь Грачев (ШҚО, 24,500) бас жүлдені қанжығасына байлады.
Марат Саттаров (Шымкент, 24,00) күміс, Сұңқар Саун (Павлодар облысы, 23,300) қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, қос минитрамп, акробатикалық жолақ пен батутта секіруден қалған медальдар ертең сарапқа салынады.