Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ұлттық киім киюді трендке айналдырып, арнайы дата белгілеуді және оқушылар киетін ұлттық киім стандартын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін депутат ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемеу керегін айтты.
Депутат Үкіметке жолдаған сауалында мынадай ұсыныстар айтты:
- ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту.
- мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу.
- Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру.
- мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт) баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу.
Сонымен қатар құрметті әріптестер, Парламент төрінде, миллионнан астам оқырманыма да ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттап жүргенімді жақсы білесіздер. Осындай үрдісті сіздер де іліп әкетіп, қолдасаңыздар көпке қозғау салар еді, - деп әріптестеріне ұсыныс жасады Мұқаев.