Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 вирусының үшінші толқыны болу қаупі туындады.
Бұл туралы еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.
Әсіресе, вакцинация деңгейі баяу елдерде вирусты жұқтыру көрсеткіші күрт артты. Жер жүзінде 176 миллионнан астам адам вирус жұқтырды, күн сайын 290 мыңнан аса жаңа дерек тіркеліп отыр. 3,8 миллионнан астам адам көз жұмды. Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қалыптасқан қауіпті жағдай бізді алаңдатып отыр. Ресей мен Қырғызстанда ауру таралу көрсеткіші өткен жылдан да асып түсті, - деді ол.
Сондай-ақ Қиясов Қазақстанның қазіргі эпидемиологиялық ахуалы тұрақты екенін, тұрғындар арасында вирус жұқтыру төмендегенін айтты.
Алайда, жаз айларында біздің көптеген отандасымыз алыс-жақындағы шет мемлекеттерге барып демалуға ағылады. Соның ішінде, СOVID-19-дың таралуы бойынша эпидемиологиялық ахуалы алаңдатарлық елдер де бар. Мұны ескермеуге болмайды, - деп мәлімдеді еліміздің бас санитариялық дәрігері.
Шетелде демалуға ниетті азаматтарды өзінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырған ол, вакцинация адам ағзасын вирусқа қарсы қорғанышын қамтамасыз етіп, саяхатты қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Сол себепті жазғы демалысты алаңдамай, ойдағыдай өткізу үшін COVID-19-ға қарсы екпе алуға шақырды.
Вакцинация сізге әуежайларда еш қиындықсыз елге оралуыңызға әрі өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпсіз сезінуіңізге мүмкіндік береді, - деді Қиясов.