Қазақстанда инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыруға бағытталған мұнай-газ химиясы саласы туралы алғашқы заң әзірленіп жатыр. Бұл туралы Kazneftegazservice-2026 конференциясында ҚР Энергетика министрлігінің мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Темірлан Уркумбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сала соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2023 жылы өндіріс көлемі 358 мың тоннаны құраса, 2025 жылы 619 мың тоннаға жеткен. Яғни екі жыл ішінде өсім 73%-ды құрады. Бұл жобалық қуаттардың кезең-кезеңімен игеріліп жатқанын аңғартады.
2026 жылы қол жеткізілген деңгей сақталып, өндіріс көлемін шамамен 600 мың тонна шамасында ұстау жоспарланып отыр.
Полипропиленнен полиэтиленге дейін
Саланың негізгі драйверлерінің бірі – 2022 жылы KPI интеграцияланған газ-химия кешенінің іске қосылуы. Атырау қаласында орналасқан кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Жобаға 2,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Кәсіпорында 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 2025 жылы өндіріс көлемі 375 мың тоннаға жетеді деп күтіледі.
Сонымен қатар елімізде жылдық қуаты 1,25 млн тонна болатын полиэтилен зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл – Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі. Жоба ішкі нарықты полимерлік шикізатпен қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.
2029 жылға дейінгі жобалар
Салада жаңа өндірістерді іске қосу жалғасуда. 2029 жылға қарай Ақтөбе облысы аумағында жылына 880 мың тонна карбамид өндіретін зауыт іске қосылады деп жоспарланған.
Ал Атырау қаласында қуаты 340 мың тонна болатын бутадиен өндіру жобасы жүзеге асырылады. Бұл жобаның мердігері ретінде Sinopec компаниясының құрылымдары анықталған.
$12 млрд инвестиция
Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында мұнай-газ химиясы саласын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі жол картасы бекітілген. Құжат аясында жалпы құны шамамен 12 млрд доллар болатын төрт ірі жоба іске асырылады.
Нәтижесінде 2 мыңға жуық тұрақты және 11 мыңнан астам уақытша жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар өндіріс көлемі мен экспорттық әлеует артады.
Алғашқы заң әзірленіп жатыр
Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласына арналған алғашқы заң жобасы әзірленуде. Құжат инвесторлар үшін ашық әрі тиімді жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Темірлан Уркумбаевтың айтуынша, заң жобасы кәсіпорындардың шикізатқа тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға, ішкі нарықты өніммен қамтуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл бастама жаңа жобаларды іске қосып, саланың дамуын жеделдетеді.
Атыраудағы арнайы экономикалық аймақ
Саланы дамытуда Atyrau SEZ маңызды рөл атқарады. Ол Теңіз кен орны мен негізгі логистикалық бағыттарға жақын орналасқан.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылады. Сонымен қатар еркін кедендік аймақ режимі қолданылады. Бұл ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасайды.
Бүгін Астанада «Қазмұнайгазсервис-2026» конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын KazService одағының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған.