Қазақстанда инфляцияға сыртқы факторлардың ықпалы шектеулі. Әсіресе Таяу Шығыстағы қақтығыс елдегі баға өсіміне тікелей қысым жасап отырған жоқ. Бұл туралы Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің экономикалық талдаушысы Санжар Қалдаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын екі рет – наурыз және қазан айларында өзгертіп, қазіргі таңда базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап отыр. Бұл инфляциялық қысымды бақылауда ұстауға бағытталған негізгі құралдардың бірі.
Сарапшы Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың әсеріне тоқталып, оның Қазақстан экономикасына ықпалы шектеулі екенін атап өтті.
Біздің бағалауымыз бойынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстың инфляцияға тікелей әсері аз. Себебі Қазақстанның бұл өңір елдерімен сауда айналымы төмен. Түркияны қоспағанда, экспорт пен импорттағы үлесі 1 пайыздан да аз, – деді Санжар Калдаров.
Ол сондай-ақ энергия бағасының қымбаттауы да елдегі баға деңгейіне айтарлықтай қысым түсірмейтінін жеткізді.
Қазақстанда электр энергиясы импортының үлесі төмен. Сондықтан сыртқы нарықтағы бағаның өсуі инфляцияға тікелей әсер етеді деу қиын, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар Калдаров жанама тәуекелдер бар екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, негізгі қауіп азық-түлік пен тыңайтқыш бағасы арқылы келуі мүмкін.
Таяу Шығыстағы шиеленістен кейін азық-түлік бағасы айтарлықтай өсті. Бұл инфляцияға әсер етті. Сондай-ақ тыңайтқыш бағасының қымбаттауы да өз ықпалын тигізуі мүмкін, – деді ол.
Сарапшының мәліметінше, Қазақстан тыңайтқыштардың едәуір бөлігін импорттайды. Соның ішінде 56%-ы – азотты тыңайтқыштар.
Бұл өнімдер негізінен Ресей мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Яғни әсер тікелей емес, жанама түрде, уақыт өте келе байқалуы мүмкін, – деді Қалдаров.
Фискалдық саясатқа қатысты ол өткен жылы бюджет тапшылығының аздап артқанын, алайда мұнайға тәуелсіз тапшылықтың төмендегенін атап өтті.
Бұл Ұлттық қордан қосымша трансферттердің болмауымен және 2023 жылғыдай ірі шығындардың жүргізілмеуімен байланысты. Жалпы алғанда, белгілі бір оң өзгерістер бар, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұнай бағасының өсуі бюджет кірістерін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл қаражаттың бір бөлігі тікелей бюджетке түссе, енді бір бөлігі Ұлттық қорға бағытталады. Мұнай секторынан түсетін салықтар мен кедендік төлемдер маңызды рөл атқарады, – деді ол.
Санжар Калдаров алдағы кезеңде бюджет саясаты қатаңдай түсетінін жеткізді.
Үкімет мемлекеттік қаржыны басқаруды күшейтіп жатыр. Соған байланысты алдағы жылдары Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферттер айтарлықтай қысқарады. Бұл мұнайға тәуелсіз тапшылыққа әсер етеді, – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар елімізге құйылған инвестициялар, экономикалық өсімнің баяулау себептері және алдағы даму бағыттары туралы BAQ.KZ тілшісіне экслюзив сұхбат берген еді.