Мұнай нарығының басты ойыншылары Астанада жиналды – Фоторепортаж

Қатысушылар операторлар мен мердігерлер арасындағы әріптестікті дамыту, отандық компаниялардың үлесін арттыру және жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейту мәселелерін көтеріп жатыр.

 автордан  ©BAQ.KZ/ Олжас Адай Бүгiн 2026, 11:01
Бүгiн 2026, 11:01
119
Фото: ©BAQ.KZ/ Олжас Адай

Астанада «Қазмұнайгазсервис-2026» конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын KazService одағының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іскерлік алаңға 400-ден астам делегат қатысып жатыр. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ шетелдік инвесторлар мен елшілер бар.

Конференцияға Италия, Катар, Түркия, Румыния, БАӘ және Кувейт елдерінің Қазақстандағы өкілдері де қатысуда. Сонымен қатар мұнай-газ саласының ардагерлері мен 20-дан астам БАҚ өкілдері келген.

Жиынның ашылуында Рәшид Жақсылықов сөз сөйлеп, сала мамандарын кәсіби мерейтоймен құттықтады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді. Онда сала өкілдеріне алдағы жұмысына табыс пен жаңа жетістіктер тілінген.

Қазір конференция аясында мұнай сервистік нарықтағы өзекті мәселелер талқылануда. Қатысушылар операторлар мен мердігерлер арасындағы әріптестікті дамыту, отандық компаниялардың үлесін арттыру және жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейту мәселелерін көтеріп жатыр.

Жиын барысында жалпы құны 17 млрд АҚШ долларынан асатын жобалар мен бағдарламалар таныстырылуда. Атап айтқанда, ТШО, НКОК және Қарашығанақ операторларының сатып алу жоспарлары, газ өңдеу зауыттары мен инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ мұнай-газ-химия бағытындағы ірі жобалар ұсынылуда.

Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігі мен экспортқа шығу бағыттары да қарастырылып жатыр.

KazService конференциясы жыл сайын мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, инвесторлар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, саладағы ашық диалогты қалыптастыратын тұрақты алаңға айналған.

Наверх