Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мұнай бағасы қысымға ұшырады: Бағаның төмендеуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Бүгiн, 12:25
125
Бөлісу:
 www.kmg.kz
Фото: www.kmg.kz

Әлемдік мұнай нарықтары қайтадан құбылмалы кезеңге тап болуы мүмкін. JPMorgan сарапшыларының болжамынша, 2027 жылға қарай Brent бағасы екі еседен астам төмендеп, барреліне 30–40 доллар деңгейіне дейін құлдырауы ықтимал. Экспорттық түсімінің жартысына жуығы мұнайдан түсетін Қазақстан үшін мұндай ауытқулар оңайға соқпайтыны анық. BAQ.KZ тілшісі еліміздің бұрынғы мұнай дағдарыстарын қалай еңсергенін және жаңа болжамның қандай қатерлері барын зерделеп көрді.

Мұнай қымбаттаған кезеңдер: Қазақстанға қалай әсер етті?

2015 жылы әлемдік мұнай бағасы құлдырағанда, Қазақстанның экспорттық түсімі шамамен екі есе қысқарды. Теңге еркін айналымға жіберіліп, бірнеше айдың ішінде 30%-дан аса әлсіреді, инфляция 13–14% деңгейіне дейін көтерілді, ал бюджет тапшылыққа тап болды. Осындай жағдайда мемлекет бензин бағасын реттеуден бас тартып, ішкі нарықтағы баға тікелей валюта бағамына және әлемдік баға белгіленіміне тәуелді бола бастады.

2017–2019 жылдары жағдай біртіндеп тұрақтады. Мұнайдың 60–70 доллар деңгейіне өсуі және Қашағанның іске қосылуы экономиканы қайтадан қолдады: ЖІӨ өсті, теңге біршама нығайды, Ұлттық қордың резервтері толықты.

2020 жылғы пандемия мұнай нарығына қайта соққы берді: бағалар тіпті 20 доллардан төмен түсті. Қазақстан көптеген жыл ішінде алғаш рет рецессияға кірді, бюджетте тапшылық сезілді, теңге бағамы әлсіреді, ал мемлекет Ұлттық қордың қаражатын бұрынғыдан да белсендірек пайдалануға мәжбүр болды.

2021–2022 жылдары мұнай бағасы 100 доллардан асып, бұрын-соңды болмаған көлемде валюта ағымын қамтамасыз етті, бірақ сонымен бірге инфляцияны шамамен 20% деңгейіне дейін жеделдетті. Қазақстан мұнай өндіретініне қарамастан, бензин бағасы өсе берді. Оған девальвация да, мұнай өнімдері нарығында еркін баға қалыптастыруға көшу де әсер етті.

JPMorgan-ның болжамы қандай: мұнайдың артық ұсынысы және 30 долларға дейін құлдырау қаупі

JPMorgan дерегінше, әлемдік нарық ірі құрылымдық профицитпен бетпе-бет келуі мүмкін. 2026–2027 жылдары ұсыныс жоғарылап, тәулігіне 2,7–2,8 млн баррельге дейін артықшылық қалыптасуы ықтимал. Мұның себептері – АҚШ, Бразилия, Канада және Гайанада өндірістің рекордтық қарқынмен өсуі, ОПЕК+ ішіндегі тәртіптің босаңсуы және әлемдік сұраныстың баяулауы. Егер бұл үрдістер сақталса, мұнайдың бір баррелі 30 доллар шамасына дейін төмендеуі ғажап емес. Ал JPMorgan-ның базалық болжамы бұдан сабырлырақ: 2027 жылы шамамен 57 доллар мөлшерінде болады деген болжам айтылды. Дегенмен сарапшылар мұндай болжамдарға сақтықпен қарайды.

Мен мұнай бағасы 30–40 долларға дейін құлдырайды дегенге сенбеймін. Бұған негіз болар түбегейлі алғышарттар жоқ. Бүгінгі нарықтағы жағдай геосаясаттың ықпалымен қалыптасып отыр, ал геосаяси ахуал өте құбылмалы, – деп түсіндірді Petrocouncil кеңесінің төрағасы Асылбек Жақиев.

Оның айтуынша, ұзаққа созылған қақтығыстар, санкциялық саясат және Таяу Шығыстағы белгісіздік нарықты күрт құлдыраудан тежейді.

ОПЕК+ өндірісті бақылауды жалғастырады. Сауд Арабиясы және өзге де ірі өндірушілер бағалардың күйреп кетуіне жол бермейді. Бұл ешкімге тиімді емес, – дейді ол.

Мұнай арзандаса, Қазақстанды не күтіп тұр?

Теңгерімді бюджет үшін Қазақстанға мұнайдың бір баррелі кемі 70–75 доллар болуы қажет. Brent бағасы 40 доллар шамасына түссе, мемлекет мұнайдан түсетін кірістің азаюына және бюджет тапшылығының өсуіне тап келеді. Үкімет Ұлттық қор резервтерін көбірек қолдануға, кейбір инвестициялық жобаларды уақытша тоқтатуға және шығындарды қайта қарауға мәжбүр болады.

Республикалық бюджеттің түсімінің шамамен 50%-ы мұнай-газ секторынан құралады. Егер мұнай 40 долларға дейін арзандап, ұзақ уақыт сол деңгейде қалса, бюджет секвестрі сөзсіз. Мұны әрбір азамат тікелей сезінеді, – деп атап өтті Асылбек Жақиев.

Мұнай бағасының түсуі теңге бағамына да әсер етеді. Тарихқа қарасақ, мұнай арзандағанда ұлттық валюта әдетте әлсірейді. Бұл импорттың қымбаттауына, инфляцияның жеделдеуіне алып келеді.

Мұнайдың арзандауы сыртқы саудаға да соққы береді: экспорттан түсетін табыс азаяды, ал импорт бастапқы кезеңде жоғары деңгейде қала береді. Бұл елді 2015 жылғыдай теріс сауда балансына қайта әкелуі мүмкін. Сонымен қатар мұнай өндіру саласындағы инвестициялық белсенділік те баяулауы ықтимал.

Баға ұзақ уақыт төмен сақталса, компаниялар өндірісті кеңейтуді тоқтатады, шығындарын оңтайландырады. Бұны біз бұрын да көрдік, сервистік келісімшарттар қысқарады, жаңа жобалар кейінге шегеріледі, – деді сарапшы.

Сонымен бірге әлемдік бағалардың түсуі Қазақстанда бензин арзандайды дегенді білдірмейді. Теңгенің девальвациясы және нарықтық баға қалыптастыру моделі жанармай құнын ұстап тұруы немесе тіпті қымбаттатуына әкелуі мүмкін.

Сарапшы пікірі: геосаясаттан бастап саланың болашағына дейін

Асылбек Жақиевтің айтуынша, әлемдік мұнай нарығы әртекті, сондықтан бағалардың бірден әрі ұзақ уақытқа құлдырайтынын күтуге негіз жоқ. Ол Ресей мұнайының Үндістан мен Қытай нарықтарына қайта бағытталуы, Таяу Шығыстағы өндірістің ұлғаюы және ірі өндірушілердің жоспарлары да нарық тепе-теңдігіне әсер ететінін атап өтеді.

Сауд Арабиясына жоғары баға керек: ел жүздеген миллиард долларлық мегажобаларды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан олардың да, өзге негізгі ойыншылардың да арзан мұнайға мүдделері жоқ, – дейді ол.

Қазақстан мен оның ОПЕК+ құрамындағы қатысуына тоқталған сарапшы ынтымақтастықты сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.

Біз үшін ОПЕК+ – бағаның тұрақтылығын ұстап тұруға арналған тетік. Қазақстан әлемдік мұнайдың бар болғаны 2%-ын өндірсе де, осы механизмге қатысу нарықтың болжамдылығы тұрғысынан маңызды, – деп түйіндеді ол.

Сонымен бірге Жақиев Қазақстан экспорттық инфрақұрылымдағы құрылымдық шектеулерге әлі де тап болып отырғанын еске салады.

Балама бағыттарды дамытқан күннің өзінде, Ақтау арқылы ең көбі 5–7 млн тонна ғана шығаруға болады. Негізгі ағын бәрібір КТК арқылы өтеді, ең арзан бағдар осы, – деп түсіндірді ол.

Сарапшының пікірінше, саланың тұрақтылығы жаңа кен орындарын іздеуге және ескілерін жаңғыртуға байланысты болады.

30 жылда біз бірде-бір ірі жаңа кен орнын ашқан жоқпыз. Бастысының бәрі – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ – әлі Кеңес дәуірінен белгілі. Геологиялық барлау да, жаңа технологиялар да қажет, әйтпесе өндіру көлемі біртіндеп төмендейді, – деп түйіндеді ол.

Қазақстан не істеуі керек: бұрынғы дағдарыстардан сабақ алдық па?

2015 жылғы дағдарыстан бастап пандемия кезеңіне дейінгі әрбір мұнай соққысы ел экономикасының осал екенін қайта-қайта көрсетті. Ұлттық қор, теңгенің еркін бағамы, дағдарысқа қарсы басқару тәжірибесі және шикізатқа қатысы жоқ экспорттың өсуі сияқты тұрақтандыру құралдары бар болғанымен, мұнайға тәуелділік әлі де тым жоғары.

Басты қорытынды өзгермейді: Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге тиіс. Теңге бағамы, бюджет және инвестициялар бір ғана шикізат тауарына байлаулы тұрған сайын, ел әлемдік нарықтағы кез келген құбылмалы жағдайға сезімтал болып қала береді.

JPMorgan-ның болжамы – үкім емес, бірақ ескерту. Әлем ұсыныс сұраныстан жылдамырақ өсетін кезеңге қадам басып жатыр. Қазақстан үшін бұл «арзан мұнай» дәуіріне бүгіннен бастап дайындалу қажеттігін білдіреді. Экономика шикізаттан тыс өмір сүруді қаншалықты тез үйренсе, мұнай бағасының жаңа толқынды құбылмалылығын ел соншалықты сенімді еңсере алады.

Өзгелердің жаңалығы